Алматы тауларында 73 жастағы шетел азаматын іздеу жалғасып жатыр. Ол 28 қыркүйекте туристік топпен бірге "Шымбұлақ" аспалы жолы арқылы көтерілгеннен кейін топтан бөлініп, бағытын жалғыз өзі жалғастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам әріптестеріне маршрутты өздігінен жалғастырып, қалаға ешкімнің көмегінсіз түсетінін айтқан. Алайда кейін қонақүйге оралмаған.
Оның жоғалғаны туралы ақпарат 29 қыркүйекте "112" қызметіне түскен. Осыдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылған.
Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық адам жұмылдырылды. Сондай-ақ 8 техника, 7 дрон, 3 кинологиялық есептоп және ТЖМ-нің "Қазавиаспас" тікұшағы тартылған.
Құтқарушылар шамамен 3200 метр биіктіктегі Талғар асуы маңын, Сол Талғар бағытын, Богданович мұздығын және оған жақын шатқалдарды тексеріп жатыр.
Тікұшақ экипажы тау маршруттары, шыңдар мен асуларды әуеден шолып шыққан. Ал жаяу топтар қолжетімсіз учаскелер мен тау соқпақтарын қарап жатыр.
Сонымен қатар құтқарушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, осы аумақта болған туристерден ақпарат жинауда.
Іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Мамандар күрделі жер бедері, биіктік және кейбір аумақтардың қолжетімсіздігін ескере отырып, іздеу аумағын кең көлемде тексеруде.