Алматыда әлеуметтік желіде балағат және әдепсіз сөздер қолданған екі блогер әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері TikTok желісіне мониторинг жүргізу кезінде әдепсіз сөздер айтылған видеоны анықтаған. Авторлар роликті әзіл-сықақ форматында жариялаған.
Тексеру барысында видеодағы адамдардың жеке басы анықталды. Олар – 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов.
Сот екі блогерді де кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Ибраим Стамбековтің Instagram парақшасында 400 мыңнан астам жазылушы болса, Абай Абдыхановты 110 мыңнан астам адам оқиды.
ІІМ өкілдері қоғамдық ақпарат кеңістігінде балағат сөздер мен қорлайтын тіркестерді қолдану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Полицияның түсіндіруінше, контенттің әзіл ретінде ұсынылуы оның авторларын жауапкершіліктен босатпайды.