Сарапшы: Сенім мен диалог – халықаралық тұрақтылықтың маңызды тетігі

Бүгін, 20:21 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшы-консультанты Камила Амиртаева Президенттің Германияда айтқан сөздеріне тоқталып, олардың дипломатиялық сенім мен диалогты сақтаудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгінде халықаралық саясаттың дәстүрлі тетіктері жаңа сипат алып, көшбасшылар арасындағы өзара сенім дипломатиялық қатынастардың маңызды ресурсына айналды. Осы тұрғыдан алғанда жария мәлімдемелер мен дипломатиялық қадамдар арқылы болашақта диалогқа жол ашатын кеңістіктің қалыптасуын бақылау ерекше қызығушылық тудырады.

Германияда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путин туралы айтқан сөздерінде ерекше назар аударуға тұрарлық тұс бар. Бұл – Ресей көшбасшысына айрықша құрметпен баға бере отырып, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін келіссөздер үдерісін жалғастыруға үндеу жасалуы. Меніңше, бұл ұстанымдарды өзара сабақтастықта қарастыру мәлімдеменің мәнін неғұрлым толық түсінуге мүмкіндік береді.

Диалог тараптарының бір-біріне деген құрметі, саяси тәжірибесін мойындауы және тікелей пікір алмасуға дайын болуы күрделі мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. Сондықтан көшбасшылар арасындағы қалыптасқан өзара сенімнің ықпалы екіжақты байланыстармен шектелмей, халықаралық деңгейдегі келіссөздерге де әсер етуі ықтимал», – дейді ол.

Маманның пікірінше, Қазақстан үшін диалогты дәйекті түрде қолдаудың практикалық маңызы зор

«Мемлекеттің тұрақты дамуы халықаралық ортаның болжамды болуына, экономикалық байланыстардың орнықтылығына және сенімді, ұзақ мерзімді қарым-қатынастар қалыптастыруға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ұмтылу Қазақстанның ұлттық мүдделерімен және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімен сабақтасып жатыр.

Бұл сөздердің дәл Германияда айтылуы да ерекше мәнге ие. Мұндай жағдайда Қазақстанның түрлі бағыттағы серіктестерімен кең әрі орнықты байланыстарды дамытуға деген ұмтылысы айқынырақ байқалады. Мұндай серіктестіктің маңызы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, өзара түсіністікті тереңдетуге және халықаралық күн тәртібіндегі ортақ мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беруімен ерекшеленеді.

Меніңше, Президенттің бұл ұстанымдары дипломатиялық сенімге ұқыпты әрі жауапкершілікпен қараудың бір мысалы ретінде назар аударуға тұрарлық. Дипломатиялық сенім жылдар бойы қалыптасады және оның маңызы, әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін тікелей талқылау қажеттілігі туындаған кезде арта түседі. Бейбітшілік туралы сөйлесуге мүмкіндік беретін жағдайды сақтап қалудың өзі – дипломатиядағы маңызды саяси қадам», – дейді ол.