Мемлекет басшысының Германиядағы ресми сапарының екінші күні Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуден басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президенттің айтуынша, Siemens – еліміздің аса маңызды серіктесі. Өйткені компания қызметіндегі өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық пен интеллектуалды инфрақұрылым сияқты негізгі бағыттар Қазақстанның жаңғыру басымдықтарына сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бернд Ульбрихтке экономиканың нақты секторларындағы цифрлық трансформация бойынша қолға алынған жүйелі шаралар туралы айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысы Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компанияларының Qarmet металлургия комбинаты құрал-жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасына қолдау білдірді.
Президент Қазақстанның озық құрал-жабдықтарды сатып алуға ғана емес, өндірістік, инженерлік және сервистік орталықтарды құруға да қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
Атап айтқанда, Siemens компаниясының құзыреттері мен технологиялық инновациялары еліміздің энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуда, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жасау сапасын арттыруда пайдалы болар еді.
Кездесуде Siemens Healthineers компаниясымен медициналық технология саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті мол екеніне назар аударылды.
Бернд Ульбрихт корпорация бастамаларына қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Оның пікірінше, Siemens компаниясы Қазақстан нарығына енген 30 жыл ішінде бірқатар өнеркәсіптік жобаларды табысты іске асыруға атсалысқан.
Siemens AG вице-президенті өзара мүдделі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатынын растады.
Ол компанияның электр желілерін жаңғырту, цифрландыру, автоматтандыру, сумен жабдықтау салаларында технологиялық шешімдерді ұсына алатынын, сондай-ақ деректерді өңдеу орталығы инфрақұрылымына қатысуға әзір екенін жеткізді.