Таразда сот алаяқтық жолмен ресімделген несиені жарамсыз деп таныды

Бүгін, 17:08 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облыстық соты апелляциялық тәртіппен азаматша А-ның микроқаржы ұйымына қатысты микрокредит беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2024 жылдың мамыр айында азаматша А. мен банк арасында 999 мың теңгеге микрокредиттеу шарты жасалған. Кейіннен осы шарт бойынша талап ету құқығы микроқаржы қоғамына (МҚҰ) берілді.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының өзі микрокредит ресімдемегенін, оны алуға келісім бермегенін және ақшаны пайдаланбағанын анықтады.

Сотқа жүгінуге Жамбыл облысының Т.Рысқұлов аудандық сотының бұрын заңды күшіне енген үкімімен белгіленген мән-жайлар себеп болған. Үкімге сәйкес, азаматша К. алаяқтық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ол даулы микрокредит рәсімдегенін мойындаған. Ол талап қоюшының келісімінсіз оның ұялы телефоны мен жеке деректерін пайдаланғанын және алынған ақшаны өз қалауы бойынша басқарғанын түсіндірді.

Жауапкер талап қоюды мойындамады және өтінім электронды түрде ресімделгенін, қарыз алушының жеке басы биометриялық сәйкестендіру арқылы расталғанын және сенімді телефон нөмірінен бір реттік код енгізілгенін көрсетті.

Сот биометрия жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретінін, бірақ өзі азаматтың мәміле жасауға деген ішкі ерік-жігерін растамайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, сот талап қоюшының атына осыған ұқсас тәсілмен басқа МҚҰ-да бұрын бірнеше микрокредиттер ресімделгенін ескерді. Материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырып, айыптау үкімін шығарғаннан кейін олар бойынша ақпарат жойылып, берешек есептен шығарылған.

Сот даулы шарт алдау мен үшінші тұлғаның сенімін теріс пайдалану нәтижесінде жасалды деген қорытындыға келді.

Тараз қалалық сотының шешімімен микрокредит беру шарты жарамсыз деп танылды, ал жауапкерден талап қоюшының пайдасына мемлекеттік баж және өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстары өндірілді.

Шешімге ұйым шағымданды, алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Тэгтер:

несие Сот Тараз алаяқтық Жамбыл облысы микрокредит