Түркістанда «Turkistan Brand Craft Fair – 2026» халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі өтті. Қолөнершілер орталығында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің барлық өңірінен және шетелден 200-ге жуық шебер қатысып, өз өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Халықаралық жәрмеңкеге Түркияның «KUYAM» қолөнершілер бірлестігінің төрайымы Зубейде Атан Бұлбұл, Үндістанның World Crafts Council ұйымының вице-президенті Сундип Кумар бастаған шетелдік өкілдер қатысты. Іс-шара барысында шетелдік қонақтар қазақстандық шеберлердің жұмысымен танысып, қолөнер саласындағы тәжірибе және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жәрмеңкеде керамика, ағаш, былғары, металл, киіз және тоқыма бұйымдары, ұлттық және дизайнерлік киімдер, зергерлік әшекейлер, авторлық кәдесыйлар, сондай-ақ табиғи және экологиялық таза өнімдер ұсынылды. Қатысушылар өнімдерін таныстырып қана қоймай, оларды тікелей тұтынушыларға ұсынуға және іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Халықаралық жәрмеңкеде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен іске асырылатын республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары да өз өнімдерін таныстырды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен қатысқан 60 кәсіпкер Түркістандағы жәрмеңкеге арнайы шақырылып, жергілікті шикізат негізінде өндірілетін тауарларын үлкен аудиторияға ұсынды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және өңірлерге тән өнімдерді нарыққа шығаруға бағытталған. Жоба аясында кәсіпкерлерге өнімді жетілдіру, қаптама мен бренд қалыптастыру, маркетинг және өнімді өткізу бағыттарында қолдау көрсетіледі. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларды нарықта орнықтыру.
ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жұмыспен қамту және шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Гүлия Жүнісова жоба қатысушылары үшін мұндай алаңдардың маңызын атап өтті.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті жерде өндірілетін өнімдерді анықтап қана қоймай, кәсіпкерлердің оларды нарыққа шығаруына жағдай жасауға бағытталған. Сондықтан жоба қатысушыларын осындай халықаралық деңгейдегі жәрмеңкелерге шығару – олардың өнімін жаңа аудиторияға таныстырудың, тұтынушылармен және әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетіктерінің бірі. Биыл Қазақстанның барлық өңірінен 60 кәсіпкердің Түркістандағы жәрмеңкеге қатысуы осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі, – деді Гүлия Жүнісова.
Түркістан облысында да «Бір ауыл – бір өнім» жобасына кәсіпкерлердің қызығушылығы артып келеді. Биыл өңірден жобаға 38 кәсіпкер қатысып, олардың арасынан 10 кәсіпкер финалға өтті. Осылайша финалистер республикалық деңгейде 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болу мүмкіндігі үшін өтетін конкурсқа қатыса алады.
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің айтуынша, биыл жоба аясындағы финалистер санының артуы өңір кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырды.
– Бұған дейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасының республикалық кезеңінде әр өңірден үш кәсіпкер ғана финалға қатысу мүмкіндігіне ие болатын. Биылдан бастап бұл көрсеткіш 10 финалистке дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде Түркістан облысынан биыл жобаға қатысқан 38 кәсіпкердің ішінен 10 кәсіпкер республикалық финалға жолдама алды. Бұл – жергілікті өнім өндірушілер үшін өз өнімін кеңірек таныстыруға және 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант конкурсына қатысуға берілген қосымша мүмкіндік. Қазір финалистердің өнімдерін жетілдіруіне, нарыққа шығуына және жаңа тұтынушылар табуына бағытталған қолдау жұмысты жалғасып жатыр, – деді Ербол Әуелбеков.
Жалпы, «Turkistan Brand Craft Fair – 2026» жәрмеңкесі қолөнерді, шағын кәсіпкерлікті, туризм мен креативті индустрияны бір алаңда тоғыстырды. Іс-шара барысында отандық және шетелдік шеберлер арасында тәжірибе алмасу, іскерлік байланыстар орнату және жергілікті өнімдерді ілгерілету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Жәрмеңке аясында ұсынылған жергілікті өнімдер Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Өйткені өңірге келетін туристер үшін ұлттық қолөнер бұйымдары мен жергілікті өнімдер туристік бағыттың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осы ретте отандық кәсіпкерлердің өнімдерін туристік нысандар мен сауда алаңдарына шығару жұмыстарының маңызы артып отыр.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың сегіз айында Түркістан облысындағы орналастыру орындарында 347,6 мың туристке қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш өңірде жергілікті өнім өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін туристік сұраныстың өсіп келе жатқанын көрсетеді.