Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Ташкент – Алматы жолаушылар пойызының терезесін зақымдаған бес кәмелетке толмаған баланы анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Бадам – Игілік теміржол аралығында болған. Белгісіз адамдар вагонның сыртқы әйнегін зақымдаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері Бадам станциясының 8, 9 және 10 жастағы бес жас тұрғынын анықтады.
Бұл туралы Шымкент станциясындағы КБП бастығының орынбасары Ескендір Баймұрзаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, заңды өкілдерінің қатысуымен балалар өздерінің оқиғаға қатысы бар екенін мойындаған. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары жаупакершілікке тартылды. Сот шешімімен әр ата-анаға айыппұл салынды.
– Пойыздардың терезелерін зақымдау – жай ғана бұзақылық емес, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп. Лақтырылған бір ғана зат адамның жарақат алуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, осындай жағдайлардың алдын алу, – деді Ескендір Баймұрзаев.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көлік полицейлері прокуратура және әкімдік өкілдерімен бірлесіп теміржолға жақын орналасқан мектептер мен тұрғын алаптарда профилактикалық кездесулер өткізуде.
Жыл басынан бері Шымкент станциясының қызмет көрсету учаскесінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 43 факт тіркелген. Оның 23-і теміржол жолдарында адамдардың болуына байланысты болған. Теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 1 777 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар пойыздардың терезелерін зақымдаудың 9 фактісі тіркелді.
Көлік полицейлері теміржол маңында ойнау және белгіленбеген жерлерден кесіп өту өмірге қауіпті екенін ескертеді. Вандализмге, пойыздар мен көлік инфрақұрылымы нысандарын зақымдауға жол берілмейді және мұндай әрекеттер заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Ата-аналар балалардың бос уақытын бақылап, осындай құқық бұзушылықтардың салдарын түсіндіру қажет.