Абай облысында тас жолда жүк көлігі аударылды

Бүгін, 12:50 / Інжу Әлихан
Абай облысы ПД

Абай облысында жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Аягөз қаласынан Бақты ауылына жүк тасымалдау бағытында болған. XCMG XGA3251D5WC маркалы жүк көлігін басқарған 34 жастағы жүргізуші қауіпсіз жылдамдықты сақтамай, оңға бұрылу кезінде көлік құралын басқара алмай қалған. Соның салдарынан жүк көлігі жолдың сол жақ бөлігіне аударылып, жол-көлік оқиғасы орын алды.

ЖКО салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алайда жүргізушінің жол жүрісі қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы көлік құралына, тасымалданған жүкке және жол инфрақұрылымына материалдық залал келтірді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Көлік құралдарын, жүктерді, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүліктің бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтірген көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын бұзуы – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

Жолдағы бір сәттік асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін. Абай облысының полицейлері қауіпсіз жылдамдықты сақтауға және маневр жасау кезінде барынша мұқият болуға шақырады.