Бүгін өткен Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрбақыт Теңізбаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке, Қаржы министрі Мәди Тәкиевке Алматы облысындағы газдандыру жобаларын жедел іске асыру және тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл – өте маңызды бастама. Өйткені газдандыру – ауылға газ құбырын тарту ғана емес. Ол ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасы алшақтығын қысқартуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, жергілікті кәсіпті дамытуға және өңірлердің экономикалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, ауылдан қалаға көші-қон үдерісін тежеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Өңірлер мықты болса – ел мықты» басымдығымен де үндеседі», – деді ол.
Депутат күні бүгін дәл осы мәселенің Жетісу мен Алматы облыстарында өзекті болып отырғанын айтты.
«Бүгінде Алматы және Жетісу облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Сондықтан өңірлердегі газдандыру жұмысына жаңа қарқын беруіміз қажет. Атап айтқанда, Алматы облысында 27, Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар таулы және шекаралық аймақта орналасқан Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын қатты отынға тәуелділіктен арылту үшін стратегиялық маңызы бар «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы әзірленді. Бұдан бөлек, Қонаев қаласының жаңа аудандары мен инвестициялық нысандарын дамытуды көздейтін «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) жобасы қарастырылған. Дегенмен, аталған жобаларды іске асырудың ұзаққа созылу қаупі бар. Жобалық-сметалық құжаттамалар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы 2024 жылы алынған. Егер бұл жобаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қарастыру мерзімі кешіктірілсе, құжаттаманың ескіруіне және оларды түзету мен сараптамадан қайта өткізу қажеттілігіне алып келеді. Бұл өз кезегінде жобаның бірнеше есе қымбаттауына және белгіленген мерзімді аяқталмауына әкеледі», – деді ол.
Осы орайда Нұрбақыт Молдахметұлы министрліктерге бірнеше шешім ұсынды.
«Осыған байланысты министрліктерге:
1. Алматы және Жетісу облысында әзірленген газдандыру жобаларының техникалық құжаты ескірмей тұрып, оларды мемлекеттік даму жоспары аясында кезең-кезеңімен іске асыруды;
2. «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбыры мен оған қажетті инфрақұрылымды стратегиялық маңызы бар жобалар қатарына енгізу мәселесін қарастыруды;
3. Қонаев қаласының қарқынды дамуын ескере отырып, «Жаңа Іле» АГТС жобасын өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарына енгізуді ұсынамыз», – деді ол.