Медицинада кадр тапшылығына объективті баға беру қажет – Дана Медеуова

Бүгін, 11:46 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дана Медеуова Премьер-министр Олжас Бектенов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне кепілдіктер туралы заң қабылдау қажеттігі жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдарының бірі ретінде медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет екенін айқындап келеді.

Пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсетті. Ең бастысы бұл – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.

Басты міндеттің бірі – дәрігерлердің мәртебесін көтеру және мамандықтың беделін нығайту. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң бақылау – біздің айрықша назарымызда», – деді Д. Медеуова.

Оның сөзінше, медицина саласында дәрігерлердің еңбекақысын икемді жүйеге көшіру, «дәрігер» атауын заңмен қорғау, кадр тапшылығына объективті баға беру және мамандардың кәсіби шешімдерін заң жүзінде қорғау қажет.

«Бірінші. Еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуға тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек.

Екінші. «Дәрігер» заңмен қорғалуға тиіс. Бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.

Үшінші. Кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, қазір жүйеде еңбек етіп жүрген мамандарды ұстап қалу да маңызды.

Төртінші. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуге тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет», – деді депутат.  

Депутат дәрігерлердің еңбегін лайықты бағалап, кәсіби қызметіне қажетті кепілдіктерді қамтамасыз ету маңызды екенін баса айтты.

«Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін.

Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге де болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды.

Білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет. Ал әлсіз жүйе кәсіби маманнан бір күнде айырылып қалуы мүмкін.

Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», – деді ол.