Қазақстан мен Қатар қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтады

Бүгін, 11:15 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Құрылтай «ҚР Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Келісім 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжат ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді шешу кезінде Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттейді.

Ынтымақтастық екі мемлекеттің құзыретті органдарының сұрау салулары негізінде жүзеге асырылады. Тараптар қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел ақпарат алмаса алады, іздеудегі адамдар туралы деректерді жедел салыстырып тексереді. Сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығулар өткізу, технологиялар алмасу, киберқылмысқа және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру көзделген.