Жетісу облысында әйелдің автокөлігінен 962 грамм мефедрон табылған. Психотроптық заттың тағы бір аз мөлшері оның жеке заттарының арасынан анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Азаматша психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Алайда істің жекелеген материалдары, оның ішінде электрондық хат алмасу деректері мен психотроптық затты тасымалдау мән-жайлары оны өткізу мақсатының болуы тұрғысынан қосымша бағалауды талап еткен.
Бұдан бөлек, тәркіленген заттың мөлшері 1 кг жуық болып, аса ірі мөлшерге жатқызылған. Бұл мән-жай да оны иемдену мен тасымалдау мақсатын айқындау кезінде ескерілуге тиіс еді.
Прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сот үкімнің күшін жойып, қылмыстық істі жаңа сот талқылауына жіберді.