Шымкентте жаңа автокөлік жолының құрылысы басталып, капсула салу рәсімі өтті. Бұл жол транзиттік көліктер мен жүк көліктерін қала сыртына шығарып, оңтүстік өңірде жаңа көлік маршрутын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаны BI Engineering & Construction құрамына кіретін «Қазақдорстрой» және «АБК-Автодор» компаниялар консорциумы жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шымкент – Қытай мен Орталық Азия елдерін, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін байланыстыратын ірі көлік маршруттарының қиылысында тұр. Толықтай айналып өтетін жол болмағандықтан транзиттік көліктердің біршамасы қала арқылы өтетін.
Жаңа айналма жол транзиттік көлікке Шымкент қаласына кірмей, өз бағытымен кетуге мүмкіндік береді. Бұл қала жолындағы жүктемені, қалаға кіретін көліктерді, қала ішіндегі жүк көліктерін азайтады.
«Айналма жол Шымкент үшін ғана маңызды емес, бүкіл оңтүстік өңірдің көлік жүйесі үшін де маңызды. Жаңа маршрут негізгі бағыттар арасында ыңғайлы байланыс құрады, логистиканы, өндіріс пен жол бойындағы сервисті дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді. Мердігер ретінде біздің міндетіміз – осы ауқымды инфрақұрылымдық жобаны толықтай жүзеге асыру», – деді жоба жетекшісі Қуаныш Әлмұхамбетов.
Жоба EPC-шарты – Engineering, Procurement and Construction бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл – «барлығы дайын» форматы. Мұнда мердігер жобалауға, қажетті материалдар мен қондырғыларды сатып алуға, объектіні салуға және дайын объектіні тапсырыс берушіге өткізуге жауапты.
Жаңа жол іргелес жатқан аумақтарды дамытуға да қолайлы жағдай туғызбақ. Жол бойында логистикалық және өндірістік алаңдар, қоймалар, терминалдар мен жол бойындағы қызмет көрсету объектілері пайжа болады. Жоба сондай-ақ «ШИХО» халықаралық логистикалық және трансшекаралыө орталықтың амуымен де байланысты.
Экономикалық әсері құрылыс сатысында-ақ басталып жатыр. Жоба құрылыс материалдарына, техника мен көлік қызметтеріне сұраныс тудырады, инженерлік-техникалық және жұмысшы мамандарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жол пайдалануға берілгеннен кейін логистика, сауда, өндіріс пен жол бойында қызмет көрсету салалары қосымша мүмкіндіктер алады.