Ипотека рәсімдеушілер көбейіп келеді
Ипотека рәсімдеушілер көбейіп келеді
2017 жылдың қаңтар-наурыз арылығында ҚР екінші деңгейлі банктерінің ипотекалық қарыз портфелі 15,1 млрд теңгеге ұлғайып (1,5 пайыз), 998,4 млрд теңгеге жетті. 2016 жылдың осы уақытында бұл көрсеткіш керісінше 3,3 пайыз азайып, 871,1 млрд теңгені ғана құраған еді.
Жалпы, 2017 жылдың наурыз айы соңына қарай ипотекалық қарыз көлемі 127,3 млрд теңгеге (14,6 пайызға) артса, соның ішінде 56,6 млрд теңгелік өсім тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі, деп хабарлайды ranking.kz сараптама қызметі. Өңірлік көрсеткіш бойынша республикада тек екі қалада ғана өсім бар. Астанада банктердің ипотекалық несие портфелі 8,7 млрд теңгеге (4,2 пайыз) ұлғайып, 216,4 млрд теңгеге жетті. Бұл республикалық көрсеткіштің 21,1 пайызынан 27,7 пайызына артты деген сөз. Ал Алматыда ипотекалық қарыз көлемі жыл басынан бері 7,5 млрд теңгеге ұлғайып (2,4 пайыз), 314,6 млрд теңгеге жетіп, республикадағы үлесін 31,5 пайызға жеткізді. Ал үшінші орында Ақтөбе облысы. Мұндағы ипотекалық қарыз көлемі 1,3 млрд теңгеге көбейіп, 51,3 млрд теңгеге жетті. БҚО, ОҚО мен Маңғыстау облыстарының ипотекалық қарыздарының өсімі жалпы 1 млрд теңгеге ұлғайды. Ал қалған өңірлерде керісінше, ипотекалық қарыз көрсеткіші азайған.