Қытайлық кәсіпкер Сунь Айсян ондаған жыл пластик, желім және скотч сатып күн көрген. Кейін туысымен бірге электрониканы салқындатуға арналған арнайы материалдар өндіретін компания құрды. Жасанды интеллект индустриясындағы бум оның бизнесін аса қажет салаға айналдырып, 2026 жылы компания биржаға шыққан күні кәсіпкердің байлығы $1,7 млрд-қа жетті, деп хабарлайды turkystan.kz forbes.com-ға сілтеме жасап.
58 жастағы Сунь Айсян жоғары оқу орнына түспеген. Мектептен кейін ол пластик және түрлі желім өнімдерін сатумен айналысқан. 2003 жылы әйелінің ағасы Чжао Цзяньпинмен бірге Shenzhen HFC компаниясын құрды.
Кәсіпорын бастапқыда электроника өндірісіне арналған қорғаныш материалдарын шығарып, кейін жылуды басқару технологияларына бет бұрды. Бүгінде оның негізгі өнімдерінің қатарында жылу өткізетін төсемдер мен гельдер, электромагниттік кедергіден қорғайтын және толқын жұтатын материалдар бар. Олар дата-орталықтарда, қуатты AI-чиптерде, оптикалық модульдерде, 5G жабдығында және электроника өндірісінде қолданылады.
Жасанды интеллектке сұраныстың күрт артуы компания үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Қуатты есептеу чиптері жұмыс кезінде көп жылу бөледі, сондықтан оны тиімді шығаратын материалдарға сұраныс та өскен.
2025 жылы Shenzhen HFC-дің кірісі бір жылда шамамен 114%-ға өсіп, 706,7 млн юаньға жетті. Таза пайдасы 269 млн юань болды. Компания табысының шамамен үштен екі бөлігін шетел нарығынан алады, ал ірі клиенттерінің арасында Foxconn бар.
Компания 29 қыркүйекте Шэньчжэнь қор биржасының ChiNext алаңында саудаға шықты. IPO кезінде бір акция 76,86 юаньға бағаланған. Ал алғашқы сауда күні баға бір сәтте 630,01 юаньға дейін көтеріліп, өсім 719%-ға жетті. Күн соңында акция 578,88 юаньмен жабылып, IPO бағасынан 653%-ға жоғары тұрды.
Акция бағасының осы секірісінен кейін компанияның 24%-дан астам үлесіне иелік ететін Сунь Айсянның байлығын Forbes шамамен $1,7 млрд деп бағалады. Ал компания директоры әрі оның туысы Чжао Цзяньпиннің дәулеті шамамен $1,3 млрд-қа жеткен. Бұл — акциялардың нарықтағы құнына сүйенген есеп, яғни кәсіпкерлер қолына бір күнде осынша ақша алған жоқ.
IPO барысында Shenzhen HFC 18,73 млн акция сатып, 1,44 млрд юань тартты. Компания қаражаттың бір бөлігін жаңа өндіріс пен зерттеу орталықтарын дамытуға жұмсамақ. Оның инвесторлары арасында Huawei-дің Hubble Investment венчурлық құрылымы бар, ал стратегиялық инвесторлар қатарына Alibaba Cloud та кірген.
Дегенмен компания мұндай қарқын ұзақ сақталмауы мүмкін екенін де ескерткен. Shenzhen HFC жаһандық экономикалық белгісіздік пен ірі клиенттердің жеткізушілерді әртараптандыруы алдағы жылдары өсімді баяулатуы ықтимал деп санайды.
Сунь Айсянның оқиғасы жасанды интеллект бумынан тек чип өндірушілер ғана емес, сол чиптердің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті қарапайым көрінетін материалдар шығаратын компаниялар да үлкен пайда көріп отырғанын көрсетеді.