Абай облысында көлікті айдап кетіп, кейін өртеп жіберген төрт жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот материалдарына сәйкес, кәмелетке толмағандардың екеуі түнгі уақытта Бобровка саяжай алқабында жүріп, серуендеу үшін «ВАЗ-2115» автокөлігін айдап кетуге келіскен. Кейін олар көлікті бос жатқан жерге апарып, өртеп жіберген.
Оқиға салдарынан көлік иесіне 1,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Бұдан кейін жасөспірімдердің бірі көршісінің үйіне кіріп, электр арасын ұрлаған. Сондай-ақ басқа көліктен дыбыс колонкасын алып кеткен.
"Бірнеше күннен кейін Н. Бобровка саяжай алқабында көршісінің тұрғын үйіне кіріп, одан электр араны ұрлаған. Бұдан бөлек, басқа көлік құралына да кіріп, дыбыс колонкасын жымқырған. Ұрлық жасағаннан кейін кәмелетке толмаған Н. оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші үш кәмелетке толмағанды жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұраған", – делінген сот хабарламасында.
Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үш жасөспірімді кінәлі деп танып, жәбірленушімен татуласуына және келтірілген залалдың өтелуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатты. Оларға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Ал төртінші жасөспірімге қатысты сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін және кәмелетке толмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасытағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.