16 жастағы баланың орынсыз әрекеті үшін ата-анасы айыппұл арқалады

Бүгін, 20:41 / Жамбыл Жайлау
Catherine McQueen/Getty Images

Павлодар облысында көлік жүргізу құқығы жоқ 16 жастағы жасөспірімнің мотоцикл айдауы анасының сот алдында жауап беруіне себеп болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өңірлік соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 9 мамырда болған. Кәмелетке толмаған жасөспірім жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан мотоцикл тізгіндеген. Кейін оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Осыдан кейін жасөспірімнің анасына баланы тәрбиелеу және оқыту жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.

Сотта әйел кінәсін мойындап, болған жағдайдан кейін ұлымен профилактикалық әңгіме жүргізгенін айтқан. Сондай-ақ ол жұмыс істейтінін және баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын жеткізген.

Заң бойынша әйелге 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау немесе 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін болған.

Сот оның кінәсін мойындағанын және асырауында кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайтты.

Нәтижесінде әйелге 60 550 теңге айыппұл салынды.

Тэгтер:

Айыппұл Павлодар облысы