Түркістанда 9 айлық сәби екі батарейка жұтып қойған

Бүгін, 15:38 / Інжу Әлихан
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы

Түркістан облыстық балалар ауруханасына тоғыз айлық сәби ауыр жағдайда жеткізілді. Тексеру барысында оның екі батарейка жұтып қойғаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігерлер шұғыл операция жасап, бөгде заттың бірін алып шықты. Екіншісі ішек жолына өтіп кеткендіктен, мамандар баланың жағдайын бақылауда ұстады. Бірнеше күннен кейін ол табиғи жолмен шықты.

Операциядан кейін сәби үш тәулік жансақтау бөлімінде ем алып, қазіргі таңда жағдайы тұрақталған.

Дәрігерлердің айтуынша, батарейканы жұтып қою бала ағзасына ауыр зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан ата-аналар ұсақ заттарды, батарейкалар мен магниттерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауы қажет.