Қарағанды облысында ұрлықпен айналысқан күдікті ұсталды

Бүгін, 12:55 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Теміртауда полицейлер екі ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті шіркеуден ақша ұрлағанын мойындап, бұған дейін 68 жастағы зейнеткердің үйінен ақша мен алтын сырғаларды жымқырғанын айтқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға бойынша полицияға православ шіркеуінен ақша ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Келтірілген шығын көлемі 143 мың теңгені құраған. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Жауап алу кезінде ол аталған қылмысты жасағанын мойындап қана қоймай, бір ай бұрын тағы бір ұрлық жасағанын айтқан. Ол кезде күдіктінің әрекетінен 68 жастағы зейнеткер жәбірленген. Әйел 100 мың теңгесі мен алтын сырғаларынан айырылған. Жалпы келтірілген шығын 300 мың теңгені құраған. Күдіктінің айтуынша, ол алтын сырғаларды сатып, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазір полицейлер заттай дәлел ретінде танылған алтын сырғалардың орналасқан жерін анықтау бойынша шаралар жүргізуде. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталған азаматтың өңірде соңғы уақытта жасалған осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатыстылығы тексерілуде.