Қазақстанға 10 шетел азаматын заңсыз кіргізгендер ұсталды

Бүгін, 11:43 / Інжу Әлихан
Бас прокуратура

Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілерінің жолын кесу мақсатында Қордай ауданының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жүргізілген келісілген тергеу-жедел іс-шаралар кешені нәтижесінде ағымдағы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Алматы қаласы аумағында белгіленген өткізу пункттерінен тыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының 10 азаматы анықталды.

Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен 4 адам әшкереленіп, ұсталды, оның ішінде 3-і Қазақстан Республикасының, 1-і Қырғыз Республикасының азаматы.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша Қырғыз Республикасының азаматы шетелдік азаматтарды Мемлекеттік шекараға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырған, кейіннен оларды Қазақстан Республикасының аумағында Алматы қаласына одан әрі тасымалдауды қамтамасыз еткен сыбайластары қарсы алып отырған.

Барлық күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК 394-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде

ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.

Қордай ауданының прокуратурасы Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, сол сияқты заңсыз көші-қонды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

Шекара аймағында заңдылықты қамтамасыз ету және бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда.