Елімізде бір тәулікте бес орман өрті тіркелді

Бүгін, 06:55 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Экология министрлігі

Кеше, 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 5 орман өрті тіркелді.

Өрттердің біреуі Жетісу облысында, екеуі Қостанай облысында, сондай-ақ «Көкшетау» және «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағында бір-бірден тіркелген.

Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті патрульдеуі және ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған. Оқиға орнына орман күзетінің қызметкерлері, қажетті күштер мен арнайы техника жұмылдырылып, өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізілді. Оған «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы да қатысты.

Қазіргі уақытта өрттердің одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданып, жағдай бақылауда.

Мамандар өрт қауіпті кезеңде азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.