Бау-бақша өсіру онкологиямен ауыратын науқастардың көңіл күйіне оң әсер етуі мүмкін

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Үде көкөніс өсіру қатерлі ісіктен емделіп жүрген адамдардың психологиялық жағдайы мен өмір сапасын жақсартуы мүмкін. АҚШ ғалымдары жүргізген шағын зерттеуде сегіз апта бойы гидропоникалық бақ күткен науқастардың психологиялық әл-ауқаты артып, депрессиялық белгілері азайған. Зерттеу Frontiers in Public Health журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге Хьюстондағы онкологиялық орталықта амбулаториялық ем алып жүрген 36 пациент қатысқан. Олардың орташа жасы 57,5 жасты құрады. Қатысушылардың барлығы кемінде бір химиотерапия циклінен өткен.

Әр қатысушыға үйде пайдалануға арналған шағын гидропоникалық жүйе берілген. Оның көмегімен өсімдікті топырақсыз, қоректік заттар қосылған суда өсіруге болады. Жинаққа LED шамы, су қоймасы, өсімдік қорегі және салат жапырақтарының тұқымдары кірген. Қатысушылар сегіз апта бойы өсімдіктерді өздері егіп, суын бақылап, кейін өнім жинаған.

Ғалымдар зерттеу басталғанға дейін, төртінші және сегізінші аптада қатысушылардың психологиялық жағдайын, өмір сапасын, ауырсынуын және тамақтану әдеттерін бағалаған.

Сегіз аптадан кейін жалпы психологиялық әл-ауқат көрсеткіші жақсарып, депрессия белгілерінің деңгейі төмендеген. Жалпы өмір сапасы да айтарлықтай жоғарылаған. Эмоциялық және әлеуметтік функциялар жақсарып, қатысушылар жеміс пен көкөністі көбірек тұтына бастаған.

Психологиялық әл-ауқат көрсеткіші орта есеппен 3,8 ұпайға өскен. Авторлардың айтуынша, бұл клиникалық тұрғыдан маңызды деп саналатын үш ұпайлық межеден жоғары. Сонымен қатар тәбеттің төмендеуіне қатысты шағымдар азайған.

Алайда физикалық функция көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Ауырсыну деңгейі де төмендеу бағытын көрсеткенімен, бұл нәтиже статистикалық тұрғыдан мәнді болмады. Сондықтан үйде бау-бақша өсіруді ауырсынуды азайтатын немесе дене жағдайын жақсартатын ем ретінде қарастыруға әлі негіз жоқ.

Зерттеушілер көгалдандырудың психологиялық әсерін бірнеше фактормен түсіндіреді. Өсімдікті күту адамға жауапкершілік пен бақылау сезімін береді, ал емдеу кезінде өз өміріне ықпал ету мүмкіндігі азайған пациенттер үшін бұл маңызды болуы мүмкін. Өсімдікпен жұмыс істеу күнделікті назарды аурудан басқа әрекетке аударып, жағымды эмоция туғызуы да ықтимал.

Дегенмен зерттеу шағын болған және жеке бақылау тобы болмаған. Барлық қатысушы гидропоникалық жүйені пайдаланғандықтан, байқалған өзгерістердің нақты көгалдандырудан болғанын толық дәлелдеу мүмкін емес. Сонымен қатар зерттеу небәрі сегіз аптаға созылған.

Авторлар нәтижені нақтылау үшін қатысушылар саны көбірек, бақылау тобы бар және ұзақ мерзімді зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Тэгтер:

науқас бау-бақша