Белгілі спортшы жекпе-жектен бірнеше сағат өткен соң қайтыс болды

Бүгін, 22:06 / Жамбыл Жайлау
x.com/@WESH

Британдық танымал рестлер Бенджамин Саттерли 40 жасында қайтыс болды. PAC лақап атымен өнер көрсеткен спортшы бұған дейін Чикагода өткен AEW шоуында рингке шыққан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Daily Mail басылымының жазуынша, Саттерли AEW чемпиондық белбеуі үшін Андраде Эль Идоломен кездесу өткізген. Жекпе-жекте жеңілгеннен кейін ол қарсыласының қолын қысып, кейін кештің басты кездесуінде тағы да көрінген.

Арада бірнеше сағат өткен соң All Elite Wrestling ұйымы спортшының қайтыс болғанын хабарлады.

"All Elite Wrestling PAC атымен танылған Бенджамин Саттерлидің қайтыс болғанын зор күйзеліспен хабарлайды", – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Әзірге рестлердің нақты неден көз жұмғаны айтылған жоқ.

Бенджамин Саттерли кәсіби мансабын 2004 жылы бастаған. Ол Ұлыбритания, АҚШ, Жапония және Мексикада өнер көрсеткен.

2012-2018 жылдары WWE ұйымында Невилл есімімен танылды. Ал 2019 жылдан бастап AEW сапында өнер көрсетіп, бірнеше чемпиондық атаққа ие болған.

Саттерли жанкүйерлер арасында акробатикалық күрес мәнерімен танылып, "The Man That Gravity Forgot" деген лақап атқа ие болған.

Тэгтер:

Бенджамин Саттерли