АҚШ тұрғыны Генри Гонсалес алты жыл ішінде 158 келі салмақ тастап, дене салмағын 254 келіден шамамен 96 келіге дейін азайтқан. Оның айтуынша, бұл нәтижеге операциясыз және салмақ азайтатын екпелерсіз жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Mirror басылымының жазуынша, 34 жастағы Генри бұған дейін фастфудқа күніне шамамен 45 фунт стерлинг, яғни 30 мың теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Артық салмақ салдарынан ол 7XL өлшемді киім киіп, күнделікті қарапайым әрекеттердің өзін қиындықпен орындаған.
Ер адамға предиабет пен гипертония диагнозы қойылып, жүрек тұсының ауырған кездері де болған. Осы жағдайлар оны денсаулығына алаңдатып, өмір салтын өзгертуге итермелеген.
"Мен шынымен жас кезімде қайтыс боламын деп ойладым. Фастфудтан әдетте екі чикенбургер, үлкен картоп фри, тауық етінен жасалған сэндвич және 20 наггетс тапсырыс беретінмін. Салмағым шарықтаған кезде бәрін жасау қиын еді: тіпті аяқ киімімнің бауын байлау немесе бірнеше минут тік тұрудың өзі ауыр болатын", – деп еске алады Генри.
2019 жылдың қарашасында ол асқазанды кішірейту операциясын жасатуды жоспарлаған. Алайда кейін бұл шешімінен бас тартып, алдымен тамақтану тәртібі мен физикалық белсенділігін өзгертіп көруге бел буған.
Генри жаттықтырушымен жұмыс істеп, бірнеше жыл бойы тұрақты жаттығу жасаған. Сонымен қатар фастфудтан бас тартып, балық, құс еті мен көкөністерден тұратын үй тағамдарына көшкен.
"Бұрын мен өмір сүрмей, жай ғана тіршілік ететінмін. Операциялар мен екпелерге қатысты пікірім мынадай: егер жүре алсаң, өзің арықтай аласың. Менің нәтижем – берілмегенімнің арқасы", – деді ол.
Нәтижесінде америкалық 158 келі салмақ тастап, киім өлшемін 7XL-ден L-ге дейін азайтқан.