"Сені сүйемін": Сөйлеу қабілетінен айырылған ер адам миындағы чип арқылы әйеліне тіл қатты

Бүгін, 23:04 / Жамбыл Жайлау
CBS News

ALS дерті салдарынан сөйлеу мүмкіндігінен айырылған Терри Мандабл миына орнатылған Neuralink чипінің көмегімен ойын қайтадан сөзге айналдыра алды. Тәжірибе кезінде ол әйелі Лориге көптен бері айта алмай жүрген үш сөзін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Daily Mail басылымының жазуынша, Терридің миына Neuralink компаниясының тәжірибелік құрылғысы орнатылған. Ол сөйлеуге жауап беретін ми аймағындағы нейрондық белсенділікті тіркеп, жасанды интеллект көмегімен сигналдарды мәтін мен дыбысқа айналдырады.

Сынақ кезінде Терри әйеліне қарап:

"Сені сүйемін", – деп ойлаған. Бірнеше сәттен кейін бұл сөздер компьютер экранында пайда болып, кейін дыбысталған.

Күйеуінің ойын компьютер арқылы естіген Лори таңданысын жасырмаған.

"Сен жай ғана сөздерді ойлап отырсың ба? Ал олар экранда пайда болып жатыр ма?" – деп таңданысын жасырмаған ол.

Лоридің айтуынша, Терри бұрын көп сөйлейтін, адамдармен тез тіл табысатын адам болған. Алайда ALS дерті асқынған сайын оның сөйлеу қабілеті нашарлай түскен.

"Терри – өте ашық адам. Ол сөйлескенді жақсы көреді. Оның басынан өтіп жатқан жағдайды көру өте ауыр", – дейді әйелі.

Алғашқы белгілер Терридің іскерлік кештердің бірінен кейін үйіне оралған кезінде байқалған. Әйелі оның сөздерді анық айта алмай қалғанын еске алды.

"Алғашында әзілдеп "Кешкі ас кезінде қанша шарап іштің?" деп сұрайтынмын. Ал ол маған қарап "Мен мүлде шарап ішкен жоқпын" дейтін", – дейді Лори.

Уақыт өте Терридің клиенттерімен және әріптестерімен сөйлесуі қиындап, ол жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

"Қазір оның айтқанын түсіну барған сайын қиындап барады. Менің ең үлкен қорқынышымның бірі – бір күні онымен сөйлесе алмай, не қажет екенін де түсінбей қалу", – дейді Лори.

Терридің өзі де дауысынан айырылу өмірінің көптеген қырына әсер еткенін айтқан.

"Дауысымнан айырылу өмірімнің көптеген қырына әсер етті. Бұл технология маған қайтадан әңгімеге араласуға мүмкіндік береді деп үміттенемін", – деді ол.

Осыдан кейін Терри Neuralink компаниясының Voice атты тәжірибелік зерттеуіне қатысқан. Ол аталған бағдарламаға қосылған үшінші адам болған.

Зерттеушілер құрылғы арқылы Терридің миындағы сөйлеуге қатысты сигналдарды жазып, арнайы декодерді үйрете бастаған. Оған түрлі сөйлемдерді айтуға әрекет жасау ұсынылған.

"Біздің түсінуіміз маңызды емес. Маңыздысы – сіздің ми сигналдарыңыз бен не айтқыңыз келгені", – деп түсіндірген зерттеушілер.

Біртіндеп жүйе Терридің ми сигналдарын ажыратып, оларды түсінікті сөйлемдерге айналдыра бастаған. Сынақтардың бірінде компьютер "Сәлем, бүгін халің қалай?" деген сөйлемді дыбыстаған.

"Сіз даусыңызды қайта алдыңыз", – деген зерттеушілердің бірі.

Кейін Терри сөздерді физикалық түрде айтуға тырыспай-ақ, тек ойлау арқылы жеткізе алған.

"Қалыпты өмірге қайта оралу – Neuralink мен үшін осыны білдіреді", – деді ол.

Лори үшін бұл тәжірибе технологиялық жетістіктен де маңыздырақ болған.

"Оның сөйлеу қабілетін қайтаруы үлкен қуаныш. Бұл оның өмірін қайтадан басынан бастағандай әсер қалдырады", – деді ол.

Қазіргі уақытта Neuralink құрылғысы тәжірибелік деңгейде. Ол АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы – FDA тарапынан жаппай қолдануға әлі мақұлданбаған. Сондықтан технологияны кеңінен пайдалану үшін қосымша зерттеулер қажет.

Тэгтер:

ми чип Терри Мандабл