Орал қалалық сотында құқық қорғау органының қызметкері лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп айыпталған азамат Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, Н. құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінде қызмет атқарған. Ол қызмет мүдделеріне қайшы өз лауазымдық өкілеттіктерін басқа адамға пайда мен артықшылық беру мақсатында пайдаланған.
2026 жылғы 9 ақпан мен 3 наурыз аралығында Н. осы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған А.-мен жеке қарым-қатынаста бола отырып, оның өтініші бойынша мекеме аумағына сотталғанға арналған 10 блок (100 қорап) темекіні заңсыз кіргізген. Бұл үшін А.-дан 60 000 теңге алған.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 4 ақпан мен 3 наурыз аралығында Н. А.-ның мекеме аумағында ұялы телефонды заңсыз пайдаланып жүргенін білген. Алайда ол тыйым салынған байланыс құралын анықтау және алып қою бойынша заңда көзделген шараларды қабылдамаған, бұл туралы тікелей басшысына хабарламаған. Сондай-ақ WhatsApp қосымшасы арқылы сотталғанмен байланыста болған. Осылайша, Н. тыйым салынған байланыс құралын заңсыз пайдалануға жағдай жасаған.
Н. өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Сот Н.-ның кәмелетке толмаған балаларының болуын және кінәсін мойындау арқылы білдірген шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сот үкімімен Н. кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Н. «әділет аға лейтенанты» арнайы атағынан айырылды.