Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М-ға қатысты басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылғы 12 маусымда М. Қарағанды қаласының шағын аудандарының бірінде үшінші тұлғалардың қатысуымен жәбірленуші К-ға қатысты оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқан, атап айтқанда, жәбірленуші туралы «баланы күйеуінен тапқан жоқ» деген мәлімет айтқан.
М-ның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәлардың көрсетулерімен, сондай-ақ сот отырысында зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды.
ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 1-бөлігіне сәйкес жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату – жеке тұлғаға 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Әкімшілік жаза қолдану кезінде сот жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын, оның құқық бұзушылыққа дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын ескерді, әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны және М.-ның зейнеткерлік жасы танылды, сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Соттың 2026 жылғы 12 тамыздағы қаулысымен М. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 160 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартуды ескере отырып, өндіріп алынатын түпкілікті сома 484 400 теңгені құрады.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.