Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында сирек кездесетін аққұйрықты субүркіт таспаға түсіп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құсты кезекті туристерді қабылдау кезінде мемлекеттік инспектор байқап, видеоға түсіріп алған.
Кадрларда аққұйрықты субүркіт қанаттарын жайып, резерват аумағының үстінде еркін қалықтап жүргені көрінеді. Келушілер үшін жыртқыш құспен кездесу жабайы табиғатпен танысудағы ерекше әсерлердің біріне айналды.
Аққұйрықты субүркіт «Ақжайық» аумағында мекендейтін сирек кездесетін құстардың қатарына жатады. Экология министрлігінің мәліметінше, резерватта құстардың 292 түрі тіркелген, олардың 36-сы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ерекше құнды түрлердің қатарында бұйра бірқазан, сұңқылдақ аққу және ақбас үйрек те бар.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты Каспий теңізінің солтүстік жағалауында орналасқан. Оның құрамына Жайық өзенінің атырауы, сулы-батпақты алқаптар және басқа да табиғи экожүйелер кіреді. Резерваттың жалпы аумағы 111,5 мың гектарды құрайды. Резерват аумағы Рамсар конвенциясы бойынша халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне және ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының дүниежүзілік желісіне енгізілген.