Биыл жол жұмысының сапасын тексеру барысында 1 670 ақау мен кемшілік анықталды. Жұмыс сапасын тиісті деңгейде бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге айыппұл салынды, ал 22 сарапшы жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» мамандары жол құрылысы мен жөндеу жұмысының сапасына 50-ге жуық тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде 1 670 ақау мен талапқа сәйкессіздік анықталды. Бүгінде оның 831-і, яғни 49,8%-ы жойылды. Қалған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Анықталған ақаулардың қатарында жолдағы шұңқырлар мен ойықтар, жарықтар, асфальтбетон жамылғысының ығысуы, жолтабандар және жолдың пайдалану жағдайына әсер ететін өзге де кемшіліктер бар.
Әрбір анықталған дерек бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, тиісті шаралар қабылдануда. Жұмыс сапасын тиісінше бақыламаған техникалық қадағалау мамандарына жалпы сомасы 53,4 млн теңге көлемінде айыппұл санкциялары қолданылды.
Сонымен қатар 22 техникалық қадағалау сарапшысы жұмыстан шығарылды.
«ҚазАвтоЖол» жол жұмысының сапасына және техникалық қадағалауға қойылатын талаптарды күшейтуде. Ақаудың анықталуы – оның қабылданғанын білдірмейді. Мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою жөнінде талап қойылып, жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылады.