Теміртауда нөсерден кейін бірнеше көшені су басты

25 қыркүйек, 2026 / Жамбыл Жайлау
Tengrinews.kz

Теміртауда жауған нөсерден кейін қаланың бірқатар көшесін су басып, көлік қозғалысы қиындады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде су жиналған учаскелердің видеоларын жариялап жатыр. Олардың айтуынша, қолайсыз ауа райының салдары Теміртаудың бірнеше ауданында байқалған.

Әсіресе Димитров пен Комсомол көшелерінің қиылысы, сондай-ақ «Зорька» ауданындағы жағдайға қатысты шағымдар көп.

Кейбір учаскелерде жиналған су деңгейі көліктердің еркін жүруіне кедергі келтірген.

"Зорькадағы" Комсомол көшесі жаңбыр жауған сайын Венецияға айналады. Бұл жағдайдың жалғасып келе жатқанына көп жыл болды! Жолдан өту мүмкін емес. Ол жерде нөсер кәрізі деген атымен жоқ", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тұрғындар бұл мәселе бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқанын айтып, жаңбыр суын ағызатын жүйеге қатысты мәселені шешуді талап етіп отыр.

Тэгтер:

Теміртау