Вьетнамға ұшпақ болған ұшақта күтпеген жағдай болды

Бүгін, 21:02 / Жамбыл Жайлау
unsplash.com

Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайынан Вьетнамның Дананг қаласына ұшуға дайындалып жатқан Air Seoul әуе компаниясының ұшағында өрт шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйек күні шамамен сағат 21:00-де болған. Алдын ала болжам бойынша, өртке жолаушының сөмкесінде болған пауэрбанк себеп болуы мүмкін.

Өрт Air Seoul Inc. әуе компаниясының RS511 рейсінде тіркелген. Жолаушының орындық астында тұрған сөмкесінен түтін шығып, артынша өрт тұтанған.

"Экипаж мүшелері өртті өздері сөндірді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, жолаушылардың жағдайын тексерді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ", – делінген хабарламада.

Ұшақ бортында 221 жолаушы және жеті экипаж мүшесі болған.

Оқиғадан кейін әуе компаниясы жолаушыларға басқа ұшақ ұсынған. Нәтижесінде Данангқа бағыт алған рейс шамамен 2 сағат 50 минут кешігіп ұшқан.

Өрттің нақты неден шыққаны тексеріліп жатыр.

Тэгтер:

Ұшақ