Анкара жұрты Манарбек Ержановты еске алды

Бүгін, 15:15 / Túrkistan Gazeti

Арқаның асқақ әні Анадолы төрінде әуеледі. Қоңыр домбыраның күмбірі Анкара аспанында жаңғырды. Түркия астанасында қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық артисі, әнші, күйші, композитор әрі актер Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Дархан даланың дара дауысы» атты тағылымды кеш өтті.

Анкарадағы кеш ТҮРКСОЙ халық-аралық ұйы­мы, Қазақстан Республи-касының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қара­ғанды облысының бірлесуімен өтті.
Кеште ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тұрақты өкілі Еркебұлан Сапиев, Қара­ғанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ға­лымжан Өтелбайұлы, түркі дүниесіне танымал тұлға Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, Манарбек мұрасының маңы­зы­на тоқталды. Тағылымды да мазмұнды іс-шарада Манарбектің әні айтылып, күйлері тар­тылды.
Манарбек Ержанов 1901 жылы Сары­арқаның ән мен күйге бай Ақтоғай өңірінде дүниеге келген. 
Халық әндерін, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай тәрізді әнші-ком­по­зи­тор­лардың туындыларын орындағанда да ол ән­ді жай қайталаушы болған жоқ. Әр шы­ғар­маның табиғатына бойлап, өзіндік бояу­мен жеткізе білді. Арқаның кең тыныс­ты, биік шырқалатын әндері оның орын­дауын­да өзгеше ажар тапты.
Манарбектің әншілік қуаты өз дәуірінің ірі музыкатану қайраткерлерінің де на­за­рын аударғаны белгілі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүн­ді­гінде ол «Қыз Жібек» операсындағы Шеге бей­несін сомдады. Сол сапардан қалған ес­теліктерде әйгілі музыка зерттеушісі, ком­позитор Борис Асафьевтің Манарбектің өне­ріне ерекше сүйсініп, «Этот певец при­нес бескрайнюю казахскую степь на сцену Мос­квы!» (Бұл әнші қазақтың ұлан-ғайыр да­ласын Мәскеу сахнасына алып келді!) деп­ті.  
Сол Шеге айтқан асқан әуен араға тоқ­сан жылға жуық уақыт салып Манарбектің 125 жылдығына арналған кеште Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұ­сайынның «Арқа сазы» фольклорлық ан­самблінің сүйемелдеуімен Анкара төрін­де шырқалды.
Манарбек туралы сөз болғанда оның ән­шілігі көбірек айтылады да, күйшілігі кей­де тасада қалып қояды. 
Белгілі күйші Қайрат Айтбаев бір мақа­ла­сында: «Бір жылдары белгілі күйші, өнер зерт­теушісі Базаралы Мүптекеев ағамыз бас­тап Қарағанды өңіріне фольклорлық экс­педицияға шыққан едік. Ағадыр, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай өңірлерін аралап, ел ішін­де сақталған ән-күйлерді жинап, көне­көз қариялардың әңгімесін таспаға түсір­дік.
Сол сапарда ауылдың шежірешісі, күй­ші Сәнеке Сағындықұлы ақсақалмен жүз­дес­тік. Тоқсанды алқымдаған қария күйді бұ­рынғыдай бабына келтіре алмаса да, зер­десі сергек, айтқан әңгімесі мағыналы еді.
Сөз арасында Манарбек Ержановпен дос болғанын айтып отырды.
Бірде Сәнеке ақсақал әншілік пен күй­шілікті қатар ұстанған Манарбекке:
– Ән салған ауыр ма, күй шерткен ауыр ма? – деп сұрапты.
Сонда Мәкең:
– Әнді сыртқа шығарып айтасың, күйді іште толғайсың, күй тартқан ауыр, – деген екен», – деп келтіреді.
Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама сыр жатқандай.
Күйді «іште толғау» – күй табиғатын сырт­­қы шеберліктен емес, адамның ішкі жан дүниесінен іздеу. Манарбек үшін күй сау­сақтың жүрісі мен қағыстың жылдам­ды­ғы ғана болмаған. Ол әуелі адамның ішін­де пісіп, көңілінде қорытылып барып дом­­быраның қос ішегіне көшетінін меңзе­ген­дей.
Ол өз жанынан көптеген күй шығарған. Ма­нарбек күйлеріне кәсіби тұрғыдан назар ау­дарғандардың бірі – академик Ахмет Жұ­банов. Ғалым оның күйшілік мұрасын жо­ғары бағалап, шығармаларын «бірінен-бірі асып жатқан қазына» деп бағалаған.
Манарбектің әншілігі мен күйшілігінің то­ғысатын бір тұсы бар. Ол – домбыра сүйе­мелі.
Оның ән сүйемеліне құлақ түргенде Ма­ғауия Хамзиннің күйшілігі еріксіз еске түседі. Мұны жай ғана екі домбырашының қағысындағы ұқсастық деп қарау аздық ете­тіндей. Екі өнерпаздың да өсіп-өнген ор­тасы – Ақтоғай, Тоқырауын бойы. Сон­дық­тан олардың өнеріндегі үндестіктің та­мы­рын туған топырақтан іздеген жөн се­кілді.
Күйтанушылардың айтуынша, Манар­бек пен Мағауияның домбыра қағысында осы өңірге тән бір ерекшелік бар. Екеуі де дом­быраны тыңқылдата тартып, қаздай қаңқылдатып отырады. Манарбекте бұл қасиет әсіресе ән сүйемелінен анық байқа­ла­ды. Домбырасы әннің соңынан жай іле­сіп отырмайды. Әншімен бірге тыныстап, бір­ге көтеріліп, бірге шалқиды. 
Манарбек қазақтың кәсіби театр және му­зыка өнері қалыптасқан тарихи кезең­нің бел ортасында жүрген өнерпаз.
1928 жылдан Қазақ драма театрында ең­бек етіп, сахна өнеріне араласты. Ал 1934 жы­лы қазақтың тұңғыш операсы – Евгений Бру­силовскийдің «Қыз Жібегі» сахналанған­да Манарбек Ержанов алғашқы Шеге бей­несін сомдады.
Манарбектің тағы бір үлкен қыры – ком­­­­позиторлығы. Оның композиторлық шығармашылығы кәсіби ортада да мойын­далды. Манарбек Ержанов Қазақстан Ком­позиторлар одағының алғашқы мүше­лері­нің бірі болды. Бұл деректің өзі оның сол кезеңде орындаушы ғана емес, композитор ретінде де танылғанын көрсетеді.
«Амангелді», «Бақыт жыры», «Қуа­на­мын», «Қойшының әні», «Әнші Біржанға», «Сай­ра, бұлбұл», «Шегенің термесі» тәрізді ән­дері оның композиторлық қырын таны­та­ды. 
Ең маңыздысы – бұл шығармалардың біра­зы кейінгі әншілердің репертуарына еніп, бүгінгі сахнада орындалып келеді.
Өнер туындысының шын өміршеңдігі де осымен өлшенсе керек.
Манарбек мұрасын кейінгі ұрпаққа жет­кізіп жүрген әншілердің бірі – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Дәу­рен­бек Әркенов. Ол ұзақ жыл бойы Манарбек шы­ғармаларын жинап, орындап, насихат­тап келеді. Манарбектің әндері мен күйле­рін топтастырған «Бақыт жыры» жина­ғы­ның жарық көруі де осы мұраны кейінгі буын­ға табыстау жолындағы еңбек.
Анкарадағы мерейтойда Дәуренбек Әр­кеновтің Манарбектің «Бақыт жыры» әнін орындауының да мәні осында. Белгілі қобызшы Байқара Сәдуақасовтың же­тек­шілгімен ансамбль сүйемелдеуімен Ермек Нұрлытаң, Гүлмира Тапай сынды ән­шілер сахнаны әнге бөледі.
Сержан Мұсайын орындаған Шегенің ария­сы арқылы Манарбектің әншілік-ак­тер­лік мұрасы жаңғырса, «Бақыт жыры» мен «Сайра бұлбұл» сынды туындылар ар­қылы Манарбектің композиторлық қырын түркі жұртына танытты.
Осындай өнерпаздың 125 жылдық ме­рейтойының Анкарада, ТҮРКСОЙ халық­ара­лық ұйымының төрінде аталып өтуінің өзін­дік мәні бар.
Дәстүрлі өнеріміз үшін мәні зор іс-шара мем­лекет және қоғам қайраткері, про­фес­сор Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов­тің бас­та­масымен жүзеге асты. Нәтиже­сін­де, Ақ­то­ғайда туып, Арқа әншілік-күйшілік дәс­­түрін үлкен сахнаға алып шыққан Ма­­нар­бектің мұрасы Анадолы төрінде жаң­ғырды.

Т.ӨСКЕНБАЙ