Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
– Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті Төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатырмыз. Жалпы, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар» мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға құқықтық тұрғыдан ықпал етті.
– Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Биыл 1 шілдеде күшіне енген Конституциямыздың негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мықты құқықтық негіз қалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.