Ватиканның архив қорларында түркі тарихына қатысты қандай деректер бар? Батыс ғалымдары мен саяхаттшылары сызған карталар қазақ даласы туралы қандай сыр айтады? «Cassakia» атауы картаға қашан түскен? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Ватикан архивтеріне арнайы барып зерттеу жүргізген ғалымдар тобында болған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының профессоры, географ ғалым Қастер Сарқытқанмен сұхбаттасқан едік.
– «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты гранттық қаржыландыру жобасы қалай басталды? Жобаға қатысқан зерттеуші ғалымдар алдына қойған мақсатына жете алды ма?
– Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы 18-19 қаңтарда Италияға ресми сапары аясында, Ватикан Қасиетті Тағының басшыларымен келісімі негізінде қолға алынды және 2024-2026 жылдар арасында мемлекеттің қаржылық қолдауымен басталды. Ол туралы кезінде ақпарат бетінде жақсы жазылды, айтылды. 2024 жылдың күзінде ұлттық-қоғамдық саяси «Ақиқат» журналына белгілі журналист Дина Имамбайға «Қазыналы қарт Ватикан қазаққа не береді?» тақырыбында сұхбат берген болатынмын. Сол сұхбатта жоба туралы көптеген сұраққа жауап берілген. Сондықтан әңгімені бірден сұрақтың екінші жартысынан бастайын. Біздің елде гранттық қаржыландыру жобалары үш жыл мерзімге беріледі. Алайда конкурс нәтижелері жылдың екінші жартысында белгілі болады. Ал үшінші жылы есеп беру уақыты қазан айында басталады. Сондықтан үшінші жылдың күзгі мезгілі көбінде есепке дайындықпен өтеді. Нақты жобамен айналысатын уақыт екі жарым жылға жуық қана. Ал өзге елдерде бұл жағы жақсы реттелген. Зерттеушілер үшін тұтас жыл бойы жобамен айналысуға мүмкіндік береді. Бізде де сондай болғаны дұрыс. Өз жобамызға келер болсақ, уақыттың осындай тапшылығына қарамастан, жоспардағыдай Scopus деректер базасында индекстелген ғылыми журналдарда 8 мақала, екі монография, бір оқу құралы және одан тыс ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдар тізіміне енетін, сондай-ақ халықаралық ғылыми конференциялар мен өзге де ғылыми журналдарда көптеген мақала, баяндама және сұхбат жарық көрді. Алдағы 25 қыркүйек күні жобаның аяқталуына орай нағыз халықаралық деңгейдегі конференция өтпекші. Оны «нағыз» деп айтып отырған себебім, Шығыстану саласында танымал шетелдік ғалымдар, Ватикан қала мемлекетінен және Ватиканның Қазақстандағы елшілігінен жауапты тұлғалар, министр Саясат Нұрбек және отандық әйгілі ғалымдар қатысады деп күтілуде. Тоқетерін айтсақ, жобамызды жоспарлағаннан артық орындадық деп сеніммен айта аламын.
– Кейбір кісілер: «Біз не үшін өз тарихымызды Батыс архивтерінен іздеуге мүдделіміз, көрші шығыс елдерінің қорларын әлі түгендеп болған жоқпыз ғой?» деп жатады. Бұл пікірге көзқарасыңыз қалай?
– Өте маңызды сұрақ қойып отырсыз. Тарих ешқашан бір халықтың немесе бір мемлекеттің архивінде ғана сақталмайды. Әсіресе, Ұлы дала мен Түркі әлемінің тарихына келгенде бұл қағида айқын көрініс береді. Еуразия кеңістігін мекендеген халықтар Қытаймен де, ислам әлемімен де, Византиямен де, кейін Батыс Еуропамен де саяси, сауда және дипломатиялық байланыста болды. Сондықтан біздің тарихымызға қатысты деректердің Бейжіңде, Тегеранда, Ыстанбұлда сақталуы қаншалықты табиғи болса, Рим, Ватикан, Парижде немесе Лондонда сақталуы да соншалықты заңды. Мына нәрсені баса айтқым келеді: біздің Батыс архивтеріне баруымыздағы мақсатымыз – өз тарихымызды Батыстың көзімен қарап, қайта жазу емес, керісінше, бұрыннан белгілі қытай, араб-парсы, түркі және жергілікті деректерді латын және еуропалық деректермен салыстырып, тарихи шындықтың неғұрлым тұтас бейнесін жасау және осы күнге дейін отандық ғылыми айналымға енбеген дүниелерді тауып, жинап, сұрыптап кәдеге жарату. Сондықтан біз үшін әлемнің әр түпкіріне шашырап кеткен өз тарихымызға қатысты деректерді табу маңызды. Мәселен, әл-Идрисидің қолжазбалары мен карталарының көшірмелері Парижде, Оксфордта, Ыстанбұлда, Каирде, Софияда және Санкт-Петербургте сақталған. Бұл бір ғана Орталық Азия тарихына қатысты деректің өзі қаншама елге таралғанын көрсетеді.
– Сіздер жасап жатқан жобаның тақырыбына қарайтын болсақ, басты екпін Ватиканға түсіп тұр. Ватикан қорларында Түркі әлеміне қатысты қандай деректер кездеседі?
– Ватикан қорларының ерекшелігі – онда діни құжаттармен қатар, ғасырлар бойы қалыптасқан дипломатиялық хат-хабарлар, миссионерлердің мәліметтері, саяхат сипаттамалары, сондай-ақ қолжазбалар мен картографиялық материалдар сақталған. XIII ғасырдан бастап Еуропаның Моңғол империясына қызығушылығы ерекше артып, шығысқа елші жіберіп, солар арқылы Ұла даланың саяси жағдайы, халықтары мен жолдары, қалалар және әдет-ғұрыптар туралы мәлімет жинады. Мұндай деректер мен құжаттар біз үшін, өз тарихымыздың өзгелердің көзімен қағазға түсуі немесе сыртқы бақылаушылардың бірегей куәлігі іспетті маңызды. Біздің оларды зерттеуіміздің құндылығы сол – бізге белгілі шығыстық деректерді қайталау емес, сол тарихи кеңістік туралы басқа өркениеттің көзімен қарау және шығыстық деректердің шынайылығын қайта бір сұрыптау.
Ватиканға келер болсақ, оның кітапханасында бірнеше ғасыр бойы Шығыс халықтарының жазба мұралары жинақталып, сақталып келеді. Олардың қатарында араб, парсы, шағатай, түрік (осман) және армян тілдерінде, сондай-ақ гаршуни жазуымен жазылған сириялық құнды қолжазбалар бар. Мәселен, араб және парсы тілдерінің маманы, түркі халықтарының мәдениетін, тілі мен тарихын зерттеген италиялық түрколог Этторе Росси (Ettore Rossi) 1953 жылы Ватикан Апостол кітапханасының баспасынан шығарған каталог негізінде түркі дүниесіне қатысты 477 қолжазбаның бар екені анықталды. Бұл қолжазбалар 4-5 қорға жинақталған. Осының ішінде ең көбі – шамамен 359 данасы Vaticani turchi (Ватикан түркі қолжазбалары қорында) сақтаулы. Ал басқалары ақсүйек, кардинал және италиялық банктің негізін қалаушы жеке әулеттердің отбасылық қорынан сатып алынған немесе сыйға алынған. Осы «Ватикан түркі қолжазбалары қорында» сақталған ең аңызға айналған жәдігер: Оғыз-түркі әлемінің бірегей эпосы – «Деде Қорқыт кітабы» (Kitab-i Dede Korkut). «Деде Қорқыт кітабын» Этторе Росси 1950 жылы қордың ішінен тауып ғылыми айналымға енгізген. Ватикан Апостол кітапханасында 189 парсы қолжазбасы сақталған. Сондықтан Ватикан қорын Шығыс пен Батыстың бірнеше ғасырлық интеллектуалдық байланыстары тоғысқан әлемдік қолжазба орталығы деп атауға болады.
– Ортағасырлық Еуропа Ұлы далаға соншалықты қызығушылық танытуының себебі неде?
– Қызығушылық танытудан бұрын ол туралы білу керек қой. Олар алғашында Ұлы даланы Еуропа үшін әскери қауіп және мүлде жат «өзге әлем» ретінде қабылдады. Бірақ тікелей байланыс көбейген сайын, картина күрделеніп, түркі әлемінің өзіндік әлеуметтік тәртібі, әскери ұйымдасуы, дипломатиялық рәсімдері, саудасы және күнделікті мәдениеті бар екенін танып-білді. Осылайша, оларға деген қызығушылық басталды. Оның басында қауіпсіздік, дипломатия, сауда, дін, жалпы алғанда геосаяси мүдде тұрды. Сондықтан шығысқа елшілер мен миссионерлер жіберілді. Олар тек діни міндет атқарған жоқ, қазіргі тілмен айтсақ, географиялық, этнографиялық және саяси ақпарат жинаушылардың да қызметін атқарды. Сол қызығушылықтың арқасында бүгін біздің тарихымызға қатысты өте құнды деректер Еуропа қорларында сақталып отыр. Араб географиялық дәстүрінің қалыптасуының өзінде де осындай заңдылық байқалады. X ғасырдағы сипаттамалық географияның дамуына Халифаттың кеңеюі мен әкімшілік басқару қажеттілігімен қатар, құрлық және теңіз саудасы, қажылық және білім беру жүйесі ықпал еткен. Мәселен, Әл-Истахри мен Ибн Хаукаль тек жолдар картасын жасамай, мем-лекеттерді, аймақтарды, қалаларды, өзен-дерді, сауда тауарларын және табиғи жағ-дайларды сипаттады. Бұл белгілі бір кеңіс-тікке саяси және экономикалық қызығу-шылық артса, сол кеңістік туралы білім де тереңдей түсетінін көрсетеді. Ұлы дала да Еуразияның шет аймағы емес, Шығыс пен Батысты байланыстырған дәліз болғандықтан, әртүрлі өркениеттердің назарын өзіне аударды.
– Сіз география ғылымдарының маманысыз. Сондықтан жобада өз мамандығыңыз бағытымен зерттеу жасағаныңыз мәлім. Ортағасырлық еуропалық карталарда Ұлы дала мен Түркі әлемі қалай бейнеленген?
– Өте орынды айтып отырсыз, Менің ғылыми-зерттеу бағытымның қалыптасуында әр кезеңде алған білімім мен кәсіби даярлығымның өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарды. Қытайда жоғары білімді география мамандығы бойынша алуым кеңістіктік ойлау, аумақтық үдерістерді талдау және табиғи-қоғамдық құбылыстарды географиялық тұрғыдан зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздерін меңгеруіме мүмкіндік берді. Сол кезеңде картографияға ерекше қызығушылық танытып оқыдым. География мамандығында болғандықтан өсімдіктердің аты-жөнін білу үшін латын тілін жақсы оқытты. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында «Экономикалық, әлеуметтік және саяси география» бағыты бойынша білім алуым осы географиялық даярлықты жаңа ғылыми деңгейде жалғастыруыма мүмкіндік берді. Кейін ағылшын тілі деңгейімді көтеру мақсатында екі оқу құралын құрастырдым. Екеуі де Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің жанындағы Республикалық «оқу-әдістемелік» бірлестіктің ұсынысымен жарық көрді. Кейінгі жылдары латын тіліне қайта бет бұру мақсатында итальян тілін оқып, үйреніп, ғылыми әдебиеттерді түсінетін деңгейге жеттім. Қорыта келгенде, осы білім мен ғылыми тәжірибенің барлығы аталған жобада географиялық кеңістікті, тарихи топонимдерді, этникалық аумақтарды, қалалар мен сауда жолдарын, саяси шекаралар мен картографиялық бейнелерді кешенді зерттеуіме көмегі тиді.
Ал енді тақырыпты өзімнің зерттеп отырған тақырыбым картографияға бұрсақ, көне карталарға қазіргі географиялық картаның өлшемімен қарауға болмайды. Ортағасырлық тарихи карталардың маңызын төмен санау дұрыс емес. Олар тек кеңістікті көрсетуші құрал ғана емес, сол заман адамдарының қоғамдық түсінігі, географиялық кеңістікті қабылдауының моделі. Венециялық, италиялық және кейінгі еуропалық карталардан Қара теңіз, Каспий маңы, Дешті Қыпшақ, Орталық Азия бағыттары, ондағы қалалар, өзендер, халықтар мен саяси құрылымдарға қатысты көптеген атаудың кездесуі. Ең маңыздысы – Ұлы даланың Еуропа картографтары үшін мүлде белгісіз «ақтаңдақ» кеңістік емес, қалалары, жолдары, халықтары және саяси орталықтары бар Еуразиялық кеңістіктің бір бөлімі ретінде танылуы. Ендігі әңгіме – сол тарихи картаны дұрыс «оқи білуде». Мәселен, картадағы бір ғана атаудың өзі біршама мол тарихи ақпарат беруі мүмкін. Сондықтан жай қараған адамға көне карталар – тарихтың үнсіз, өлі суреті, ал дұрыс «оқи» алған адамға ол – сөйлеп тұрған тірі дерек. Бір мысал айтайын, бельгиялық картограф, географ және баспагер, қазіргі заманғы географиялық атластың негізін қалаушылардың бірі Абрахам Ортелийдің (лат. Abraham Ortelius, 1527-1598) 1570 жылы жарық көрген әйгілі Theatrum Orbis Terrarum (Жер шарының театры/бейнесі) атласы әлемдік картография тарихындағы аса маңызды еңбектердің бірі саналады. Атласқа XVI ғасырдағы ағылшын саяхатшысы, көпесі, дипломаты әрі картографы Энтони Дженкинсонның (Anthony Jenkinson, 1529-1611) картографиялық деректері де енгізілген. Энтони Дженкинсон Ресей мемлекеті, Каспий маңы және Орталық Азия бағытында саяхат жасап, сауда-дипломатиялық қызметімен қатар аталған өңірлердің географиялық жағдайы, халықтары мен қоныстары туралы құнды мәліметтер жинаған болатын. Аталған картаның Қазақстанның тарихи географиясын зерттеу тұрғысынан ерекше назар аударатын тұстарының бірі – онда «Cassakia» атауының берілуі. Бұл топонимнің картадағы орналасуы, тарихи-географиялық мазмұны және оның қазақтарға қатысты атаулармен ықтимал байланысы өте жоғары. Себебі бұл кезең Қазақ хандығы құрылып, ең өркендеген дәуіріне тура келеді. Оған «Cassakia» деп көрсетілген аумақтың айналасында жазылған картуштардан да дәйекті мәліметтерді алуға болады. Оның өзі бір ғылыми зерттеуге жүк болатын күрделі тақырып. Қорыта айтқанда, бір тарихи картадан географияны да, этнографияны да, шаруашылықты да, көші-қонды да, саяси құрылымды да оқуға болады.
– Ғылыми деректерді анықтау үшін картаның маңызы қандай?
– Ғылыми деректерде карта көбіне мәтінді көркемдеу үшін беріледі. Меніңше, тарихи картографиядағы ең үлкен методологиялық мәселелердің бірі де осында. Карталарда топоним, этноним, гидроним, қала, саяси шекара, сауда жолы, билеуші туралы сан түрлі картуш және түсіндірме мәтін беріледі. Бұлардың әрқайсысы – дерек. Оның үстіне карта тек «нені бейнеледі, қалай көрсетті?» деген сұраққа жауап бермейді. Ол «Еуропа сол кезеңде түркі дүниесі кеңістігін қалай білді және оны қалай елестетті, суреттеді?» деген әлдеқайда күрделі сұраққа жауап береді. Осы тұрғыдан карта – тарихи мәтіннің иллюстрациясы емес, өз алдына дербес тарихи құжат. Сонымен қатар карта биліктің құралы да болған. Бір зерттеуде жаңа жерге иелік ету, шекара белгілеу және отарлық үдерістерді заңдастыруда карталардың пайдаланылғаны, соның нәтижесінде картографияның империялық саясатпен астасқаны да белгілі. Осы тұрғыдан келгенде «Бұл қала немесе мемлекет картаның қай жерінде?» деген сұрақтан гөрі, «Бұл картаны кім жасады, нені көрсеткісі келді? Нені жасырып қалды, неге дәл осылай бейнеледі?» деген сұрақтар әлде қайда маңызды болмақ. Сол үшін де картаны ашық және жасырын мәліметтер сақталған айрықша дерек көзі ретінде қарауымыз және оқуымыз қажет. Сол үшін біздің жоғары оқу орындарында тарих мамандығында оқитын студентерге картография сабағын оқытты ма, ол жағын нақты білмеймін, алайда «оқытпайды-ау» деген күмәнім басым. Мұқият оқыту керек. Мен бір сөзімде Қытай картографияны жақсы оқытатынын айтқан болатынмын, шындығында біз бір оқу жылы бойы картографияны оқыдық. Ол өз алдына бір ғылым, оны тарихшылардың меңгергені дұрыс.
– Көне карталардағы топонимдер Қазақстанның тарихи географиясын зерттеуге қандай үлес қосады?
– Жер-су атаулары – тарихи жадтың ең тұрақты қабаттарының бірі. Билік құлайды, мемлекеттер сандық және сапалық тұрғыда өзгереді. Шекаралар жаңарады, халықтардың саяси атауы ауысады, ал өзен, тау, жазық, шөл мен көл ғасырлар бойы сақталып қалады. Олардың атауларының өзгерісі қатты болмайды. Бірақ аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістерде ғана атаулары басқа тілдерге аударылып, жаңаша атқа ие болуы мүмкін. Мәселен, ескі түркі жеріндегі кейбір атаулардың араб тіліндегі атауларға алмасуы секілді. Сондықтан көне картадағы атауды қазіргі географиялық нысанмен салыстыру тарихи география үшін өте маңызды. Бірақ мұнда сақтық қажет. Бір картадағы бір атауды тауып алып, одан үлкен саяси қорытынды шығаруға болмайды. Топонимді басқа карталармен, жазба деректермен, тілдік материалдармен және археологиялық мәліметтермен салыстыру керек. Осы үшін де біз топонимді – тарихи дәлелдің жалғыз көзі емес, бірақ өте маңызды бөлшегі деп атаймыз.
– Еуропалық деректердегі Түркі әлемінің бейнесі шығыс деректерімен сәйкес келе ме?
– Бір жағынан сәйкес келеді, екінші жағынан айырмашылық та бар. Бұл – табиғи құбылыс. Қытай жылнамашысы, парсы тарихшысы және еуропалық миссионер бір халықты сипаттаса да, олардың мақсаты, дүниетанымы және ақпарат алу мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, нәтижесі де түрліше болуы табиғи. Алайда біз үшін осы айырмашылықтардың өзі құнды. Бір оқиғаны бірнеше өркениеттің дерегі растаса, тарихи реконструкцияның сенімділігі артады. Ал қайшылық болса, «қайсысы дұрыс?» деумен шектелмей, «неліктен олар бір оқиғаны әртүрлі көрді?» деген сұрақ қоюымыз керек. Тарих ғылымының қызығы да осында.
Осы орайды пайдаланып мына бір мәселені атап айтқым келеді. Ғылым асығыстықты қажет етпейді. Ол ұзақ әрі жан-жақты зерттеуді талап етеді. Оған мына бір көзбен көрген жағдайды дәлел ретінде айтуыма болады. Іссапармен Римге барғанымда «Италия Шығыстану институты» кітапханасында 3 күн жұмыс істедім. Сонда үлкен бір «қазынаға» тап болдым. Осы институт, Ватиканның Апостол кітапханасы және Қытайдың ұлттық ғылым академиясы үш жақты бірлесе отырып 15 жыл бойы үлкен ғылыми жобаны жасаған. Сол арқылы Ватиканның Апостол кітапханасы қазынасындағы Қытайға қатысты және қытай тіліндегі тарихи еңбектердің бәрін жинап 70 томдық зерттеуді жарыққа шығарған. Ол үшін Қытай үкіметі қанша қаражат шығарды, ол жағын білмеймін. Бірақ уақытты да, ақшаны да аямағаны анық.
Тағы бір мысал келтірейін, Париждегі Франция ұлттық кітапханасында тағы бірнеше күн жұмыс істедім. Әлем бойынша аса үлкен әрі бай кітапхананың бірі. Оның қорлары бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан корольдік коллекциялардан бастау алады. Оның үстіне 1537 жылдан енгізілген Францияда басылған кітаптың бір данасы міндетті түрде кітапханаға өткізіледі деген жүйе енген. Сондықтан мемлекеттік сатып алу, жеке коллекциялар мен сыйға берілген кітап-құжаттар, сондай-ақ тарихи кезеңдердегі қорлардың жиналуынан осындай әлемге әйгілі кітапхана қалыптасқан. Кітапханада таңнан кешке дейін жұмыс істесең күніне 5 еуро төлейсің, қызығы сол бір жылға абонемент аштырсаң небәрі 20 еуро ғана төлейсің. Кітапхана қорында Шығыс жазбалары, карталар аса мол сақталған. Шамамен 800 мыңға жуық карта бар деседі. Бұл тектес мысалдарды көптеп айтуға болады. Бастысы ғылымды дамытуда мемлекеттің ұзақмерзімді, тиянақты көзқарасы мен қолдауы ауадай қажет.
– «Түркі әлемінің тарихын өзгелер жазып келді» деген пікір қаншалықты дұрыс?
– Бұл пікірде белгілі бір шындық болғанымен, оны абсолюттендіруге болмайды. Біздің тарихымызды қытай жылнамашылары, араб-парсы авторлары, еуропалық саяхатшылар мен орыс зерттеушілері де жазды. Бірақ бұл біздің тарихымыздың «өзгенікі» екенін білдірмейді. Керісінше, Еуразиядағы түркі халықтарының әлемдік тарихи үдерістердің белсенді қатысушысы болғанын көрсетеді. Алайда Кеңес Одағы тұсында біз халықаралық құқық жүйесінде және әлемдік саяси-экономикалық үдерістерде толыққанды қатысушы болмағандықтан, өз төл тарихымыздың жарқын нұсқаларын әлемдік ғылыми ортаға ұсына алмадық. Тәуелсіздіктен соң тарихымызды қайта ұлттық мүдде тұрғысынан түгендеуге мүмкіндік туды. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы тарихтың жаңғыруына тың серпін әкелді. Бүгінгі міндетіміз – осы шетелдің қазыналарынан әкелген деректерді тек аударып қана қоймай, оларды өз ғылыми методологиямызбен зерттеп, салыстырып, әлемдік тарих контексінде қайта пайымдау. Меніңше, ғылымдағы интеллектуалдық тәуелсіздік деректі кім жазғанынан емес, оны кім және қандай әдіспен түсіндіретінінен көрінеді. Иә, түркі халықтары туралы қытай, араб, парсы, латын, орыс және басқа тілдерде көптеген сыртқы дерек бар. Бірақ мұны «тарихымызды өзгелер жазды» деген өкпе деңгейінде қабылдамау керек. Керісінше, бұл Түркі әлемінің Еуразиядағы тарихи үдерістерге қаншалықты терең араласқанын көрсетеді. Мысалы, Ибн Хордадбектің еңбегінде тоғыз оғыздар, кимектер, оғыздар, печенегтер, түргештер, қыпшақтар, қырғыздар, қарлұқтар және басқа да халықтар мен олардың географиялық кеңістігіне қатысты құнды мәліметтер бар. Біз оларды өз қажетімізге сай пайдалануымыз керек. Ал Ибн Хордадбек секілді ғалымдар қаншама! Бүгінде сол деректі кім, қандай әдіспен және қандай ғылыми сұрақ негізінде оқиды, негізгі мәселе– осы.
– Батыс архивтерінде біз әлі білмейтін қазақ тарихына қатысты ғылыми материалдар бар ма? Егер Ватикан мен Батыс Еуропадағы Түркі әлеміне қатысты деректер жүйелі түрде жинақталса, тарихымыздың бізге белгісіз беттері ашылуы мүмкін бе?
– Ежелгі көшпенділер Еуразия кеңістігінде теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Олардың адамзаттың өркениетіне қосқан үлесін ауыз толтырып, жан-жақты мысалдармен айтуымызға болады. Сондықтан Батыс архивтерінде біз әлі білмейтін қазақ тарихына қатысты ғылыми материалдардың жатуы әбден мүмкін. Бірақ оның қаншалықты маңызды, қаншалықты тың, жаңа дүние екенін зерттемей тұрып болжау мүмкін емес. Мұнда маңызды бір мәселе, ортағасырлық еуропалық құжаттардан бүгінгі «Қазақстан» деген атауды іздеу басы артық дүние. Біздің қазіргі территориямыз бен тарихи кеңістігіміз ол кезде Дешті Қыпшақ, Татария, Моғолстан, Қазақ хандығы, Түркістан, Алтын Орда және басқа тарихи-географиялық атаулар арқылы аталып келді. Сондықтан кейде ғылыми тұрғыда жаңалық деген ұғымды мүлде белгісіз, тосын бір құжатты табу емес, бұрыннан белгілі құжатты Қазақстан мен Түркі әлемінің ұлттық тарихы тұрғысынан жаңаша қайта танып-білу мен оқу деп қабылданғаны жөн.
Ал түркі әлеміне қатысты деректер жүйеленсе тарихымыз қалай болады? Менің ойымша, ең үлкен нәтиже «сенсациялық құжат» табудан немесе монография жазудан тұрмайды. Негізгі нәтиже – Түркі әлемінің Еуразия тарихындағы орнын тұтас әрі жан-жақты бейнелеп беруде. Егер Ватикан, Италия, Франция, Ұлыбритания және басқа елдердегі жазба, картографиялық және дипломатиялық материалдарды бір ғылыми базаға жинап, оларды шығыс деректерімен салыстырсақ, Ұлы даланың Еуропамен байланысының біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі терең болғанын анық көрер едік. Бұл жерде цифрландырудың да маңызы зор. Болашақта осындай материалдардың Қазақстанда бірыңғай «Батыс деректеріндегі Түркі әлемі» цифрлық корпусын қалыптастыруға негіз болғанын қалар едім. Сонда біздің міндетіміз архивтен құжат тауып, мақала жариялаумен аяқталмайды. Біз келесі буын зерттеушілеріне жаңа деректік инфрақұрылым қалдырамыз. Біздің 2024-2026 жылдары арасында атқарған «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жобамыздың да түпкі мақсаты да осы идеямен сабақтас.
– Тұшымды әңгімегіңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан
Т.ТАҢЖАРЫҚ