Аралға теміржолмен келген жолаушыны енді ескі ғимарат емес, тарихы мен жаңа келбеті үйлескен еңселі вокзал қарсы алады. Кезінде Орынбор мен Ташкент арасын жалғаған теміржол бойында тіршілік тамырын тереңге жайған шаһар үшін вокзалдың орны қашанда бөлек. Қаншама ұрпақты сапарға шығарып салып, қаншама жолаушыны қарсы алған «Арал теңізі» теміржол вокзалы араға бір ғасырдан астам уақыт салып қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жұмыс сапары да осы тарихи нысанның ашылуынан басталды. Салтанатты іс-шараға Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
«Арал теңізі» вокзалының тарихы сонау 1905 жылдан, «Орынбор – Ташкент» теміржолы салынған кезеңнен бастау алады. Содан бері бұл ғимарат Аралдың талай дәуіріне куә болды. Теңіз шалқып жатқан шақты да, экологиялық қасіреттің ел еңсесін түсірген ауыр кезеңін де көрді. Енді ғасыр куәгері заман талабына сай жаңарып отыр. Құны 1,7 млрд теңгені құрайтын нысанда құрылыс жұмыстарын «Техоснастка ремсервис» компаниясы 2025 жылдың қарашасында бастаған. Жаңарған вокзал бір мезетте 224, тәулігіне 600 жолаушыға қызмет көрсете алады. Мұнда кең күту залы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау орны, асхана мен кафетерий, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы лифт орнатылған. Яғни, вокзал ендігі жерде пойыз күтетін орын ғана емес, Аралға аяқ басқан адамға өңірдің бүгінгі келбетін әйгілейтін қақпаға айналып отыр.
Бұл жаңғыру – облыстағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі теміржол инфрақұрылымы жаңартылып, 124 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда облысында 7 вокзал, Тереңөзек пен Жалағаштағы екі қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қамтылған. 2024 жылы Қызылорда вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, аумағы абаттандырылса, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуілдегі жұмыстар аяқталды. Төретам мен Жосалы вокзалдары да осы жаңғыру көшіне қосылмақ. Жалпы, вокзалдарды қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Биыл облыста 80 шақырымнан астам теміржол желісі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өңір аумағы арқылы 15 жолаушылар пойызы өтеді, оның алтауы облыс орталығын Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларымен байланыстырады.
Алайда Аралдағы өзгерісті бір ғана вокзалмен өлшеуге болмайды. Кейінгі жылдары аудан экономикасында жаңа өндірістер бой көтеріп, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым қатар жаңарып келеді. Жыл басынан бері негізгі жеті макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 33,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 26 млрд теңгемен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Жеке инвестиция көлемі 2,7 есеге өсті. Өнеркәсіп өндірісі 24,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,9 пайыз болды. Аудандық бюджетке 3,3 млрд теңге түсіп, жоспар 116,2 пайызға орындалды.
Мәселен, Qazaq Camel серіктестігінің құны 3 млрд теңге болатын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты іске қосылды. Түйе шаруашылығы ежелден Арал тіршілігімен біте қайнасқанын ескерсек, енді дәстүрлі кәсіптің заманауи өндіріс тізбегіне қосылуының маңызы зор. «Тоғыс-Аралотын» серіктестігі 1,8 млрд теңгеге жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін кәсіпорынды іске қосты, сондай-ақ 1 млрд теңгелік мотоцикл құрастыру жобасын жүзеге асыруда. «Эко Энерджи Плюс» көпфункционалды жол бойы кешенінің алғашқы кезеңін іске қосса, «Алаш Метан» Арал маңынан 600 млн теңгелік автомобиль газ толтыру компрессорлық стансасын ашты. Алда 685 млн теңгелік балық шаруашылығы, құны 8,2 млрд теңге болатын қуаттылығы 30 МВт күн электр стансасы және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобалары тұр. Мұның бәрі аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға бағытталған.
Ауылдың дәулеті – төрт түлік те аудан экономикасының берік тірегі. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,8 млрд теңгені құрап отыр. Ауданда 62 мыңнан астам ірі қара, 96 мыңнан астам қой-ешкі, 61 мыңнан астам жылқы және 38 мыңнан астам түйе бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық түлік бойынша өсім бар. Әсіресе, түйе шаруашылығын терең өңдеу өндірісімен ұштастыру Аралдың табиғи мүмкіндігін жаңа нарыққа шығарудың тиімді жолына айналуы ықтимал.
Арал атауы айтылғанда теңіз тағдыры ойға оралатыны анық. Кезінде әлем назарын экологиялық апатпен аударған өңір енді табиғатты қалпына келтіру мен экотуризмнің жаңа үлгісін көрсетуге ұмтылып отыр. Соның маңызды бағытының бірі – GEOPARK ARAL жобасы. Арал геопаркін ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне енгізу арқылы өңірдің табиғи, геологиялық және тарихи мұрасын халықаралық деңгейде таныту көзделген. Жоба экотуризмді дамытуға, экологиялық білімді арттыруға және жергілікті халыққа тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Жақында халықаралық сарапшылар Аралға келіп, геопарк аумағында негізгі бағалау миссиясын өткізді. Жоба мақұлданса, бес туристік нысанды халықаралық деңгейде дамытуға және сырттан қомақты қаржы тартуға мүмкіндік туады. Қазан айында Аралда өтетін GREEN Aral: Volunteers For Life – 2026 халықаралық еріктілер форумы да өңірдің экологиялық мәселелері мен табиғи мүмкіндіктерін әлемдік қауымдастыққа кеңінен танытуға бағытталған.
Ауылдың тұрмысын жақсартуда ауыз судың орны бөлек. Кейінгі екі жылда ауданда 54,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 61,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 12,8 млрд теңгеге төрт жоба жүзеге асып, 318 шақырым ауыз су желісі тартылды. Соның нәтижесінде Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылса, биыл Абай елді мекеніне де сапалы су жеткізілді. Тозу деңгейі 80 пайызға жеткен «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырын жаңарту да жалғасуда. 2025 жылы республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп, 23 шақырым құбыр жаңартылса, биыл тағы 7 шақырым желі тартылды. Жобаны жалғастыруға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 20,5 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, жоба құны 43,7 млрд теңгені құрайды.
Тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымда да ілгерілеу бар. Өткен жылы 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге тұрғындар қоныстанып, жыл соңында екі пәтерлі тағы 30 үй иелеріне табысталды. Биыл әлеуметтік осал топтар үшін 200 пәтердің құрылысы басталды. Аудан халқының 74,3 пайызы табиғи газбен қамтылған. Сексеуіл, Шижаға және Арал қаласының бірқатар аумағына газ жеткізіліп, биыл 5,2 млрд теңгелік автоматтандырылған газ тарату стансасының іске қосылуы арқылы Қамыстыбас көгілдір отынға қосылды. Бұл станса алдағы уақытта тағы 18 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді. Қосжар, Аманөткел, Бөген және басқа ауылдарды қамтитын жобалар толық жүзеге асқанда аудан тұрғындарының 90,3 пайызы табиғи газ игілігін көрмек. Арал қаласының №4 мөлтек ауданында құны 557,5 млн теңге болатын кәріз желісінің құрылысы да жүргізілуде.
Ауданның келешегіне айрықша ықпал ететін тағы бір бағыт – күре жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Кіші Аралды сақтау мәселесімен қатар «Сексеуіл – Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы қолға алынды. Құны 780 млрд 285 млн теңге болатын бұл бағытпен бірге «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдары салынуда. Ірі көлік жобаларына қарастырылған қаржы көлемі 1 трлн 300 млрд теңгеге жетеді. Жаңа жолдардың жалпы ұзындығы 1 574 шақырым болса, 800 шақырымдық «Сексеуіл – Бейнеу» жолының 189 шақырымы Арал ауданы арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағытына жақын орналасқан бұл күретамыр болашақта Аралды Еуропа мен Азия арасындағы ірі логистикалық кеңістікке жақындатып, Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман секілді шалғай елді мекендердің қатынасын жақсартуға тиіс. «Арал – Жалаңаш» жолының 26 шақырымын жөндеуге де 1,8 млрд теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Әлеуметтік саланың дамуы да ауданның өзгерген келбетін айқындайды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде 300 орындық мектептер салынды. Ақшатауда 60 орындық, Мергенсайда құны 2,3 млрд теңге болатын 150 орындық мектеп бой көтерді, Тоқабайдағы №248 мектеп жаңарды. Сексеуілде «Қазақстан темір жолы» компаниясының демеушілігімен 1 млрд теңгеге 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі салынып жатыр. Сапақтағы №69, Аралдағы №220 және №13 мектептерді жаңадан салуға қажетті құжаттар әзірленген.
Денсаулық сақтау саласында Сексеуілдегі 25 төсектік аурухана мен Тоқабайдағы жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Арал қаласында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, орталық аурухана жанынан құны 2,3 млрд теңгелік нейро-инсульт және кардиология бөлімдеріне арналған жаңа ғимарат салынды. Жыл соңына дейін МРТ мен ангиограф орнату жоспарланған. Жұқпалы аурулар бөлімінің 2,1 млрд теңгеге салынған жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, Шанхай мен Жаңауыл мөлтек аудандарына тәулігіне 250 адам қабылдайтын құны 6,6 млрд теңге деп бағаланған емхана салу жоспарланып отыр. Жақсықылыш пен Шижағада жаңа спорт кешендері, Аманөткелде 150 орындық мәдениет үйі ашылды. Өткен жылы салынған 1,7 млрд теңгелік «Руханият» орталығы да ауданның қоғамдық-мәдени өміріне серпін берді.
Арал талай тарихи кезеңді бастан өткерді. Бір кезде айдынды теңіз жағасындағы портты қала болса, кейін тартылған теңіз табаны әлемге табиғатқа жауапсыз қараудың ауыр зардабын көрсетті. Бірақ бүгінгі Аралдың әңгімесі тек қасірет туралы емес. Қазір мұнда теңізді сақтау ісімен қатар өндіріс орындары ашылып, ауылдарға су мен газ жетіп, жолдар салынып, электр желілері жаңарып, мектеп пен ауруханалар бой көтеріп келеді. Бір жағынан ЮНЕСКО геопаркіне ұмтылған экологиялық бастама өріс алса, екінші жағынан Еуропа мен Азияны жалғайтын халықаралық көлік дәліздері салынып жатыр. Осындай өзгерістердің ортасында 1905 жылдан бері талай жолаушыны қарсы алып, талайын алыс сапарға шығарып салған «Арал теңізі» вокзалы қайта жаңғырып тұр.
Осыдан 121 жыл бұрын теміржол Аралды үлкен әлеммен жалғаса, бүгін жаңарған вокзал жаңа кезеңге аяқ басқан ауданның қақпасына айналды. Сондай-ақ жаңа жолдар, өндіріс орындары, көгілдір отын жеткен ауылдар, жаңа мектептер мен ауруханалар, экологиялық жобалар және ең бастысы туған жерінің ертеңіне сенген елдің тіршілігі жарқын күндерге ұласып барады.