19-20 қыркүйек күндері Алматыда Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Бағдарлама қаланың орталығымен қатар барлық сегіз ауданын қамтыды. Екі күн ішінде концерттер, фестивальдер, көрмелер, кітап жәрмеңкелері, спорттық және шығармашылық жобалар ұйымдастырылды. Ресми мәлімет бойынша, іс-шараларға миллионнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысқан.
Мерекелік бағдарламаның негізгі жобаларының бірі – Alma Qala Fest фестивалі. Ол 19-20 қыркүйекте Қазыбек би көшесінің Панфилов пен Назарбаев даңғылы аралығында өтті. Фестивальде Алматының тарихы мен мәдениеті таныстырылып, ұлттық дәстүр, шығармашылық индустрия және заманауи мәдениетке арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Фестиваль аясындағы алма жәрмеңкесінде 50 сұрыптағы 250 тоннадан астам алма сатылды. Панфилов көшесіндегі мерекелік кеңістікте балалар, этно, эко, кино, Digital, спорт және Food Court аймақтары жұмыс істеді.
Қала күніне арналған мәдени іс-шаралардың бір бөлігі Панфилов, Жібек жолы, Абай көшелері мен «Астана» алаңында өтті. Мұнда концерттермен қатар кітап жәрмеңкелері, қолөнер көрмелері және цифрлық жобалар ұсынылды.
Дәстүрлі және заманауи музыка
Қала күнінің музыкалық бағдарламасында дәстүрлі өнерге де, заманауи эстрадаға да орын берілді.
Абай алаңында «Ән қанатындағы Алматы» атты дәстүрлі музыка кеші ұйымдастырылды. Сахнада Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева және «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Бағдарламада ән, терме, жыр мен күй орындалды.
Қаланың басқа алаңдарында Мақпал Жүнісова, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA және басқа да орындаушылар концерт қойды.
KitapFest-ке 50 мыңнан астам адам қатысты
Алматының мәдени бағдарламасында кітап жәрмеңкесі де маңызды орын алды. 19-20 қыркүйекте Арбатта KitapFest өтті.
Жәрмеңкеге 60-тан астам отандық баспа қатысты. Екі күн ішінде оған 50 мыңнан астам адам келіп, 15 мың данадан астам кітап сатылды. Оқырмандар жаңа басылымдармен танысып, кітап сатып алумен қатар, ақын-жазушылармен кездесіп, әдебиет туралы пікір алмасты.
Алматы тарихы 3D форматында көрсетілді
Қала күнінің заманауи жобаларының бірі – 3D Mapping Show болды. 19-20 қыркүйекте «Астана» алаңында өткен мультимедиялық қойылымда ҚБТУ ғимаратының фасады үлкен экран ретінде пайдаланылды.
Шоу барысында Алматының қалыптасуы, даму кезеңдері, қазіргі келбеті мен болашағы жарық, қозғалыс, музыка және цифрлық технологиялар арқылы көрсетілді. Қойылымдар сағат 20:00-22:00 аралығында өтті.
Street Art Avenue
20 қыркүйекте Терреңқұр бойындағы Street Art Avenue кеңістігінде көше өнеріне арналған арт-фестиваль ұйымдастырылды.
Жобаға британдық суретші Fanakapan, 310/310 Squad өкілдері, белорусиялық Kontra/TAKTAK және қазақстандық граффити суретшілері қатысты. Фестивальдің негізгі тақырыбы Алматының символдарының бірі – қар барысы болды.
Іс-шаралар сегіз ауданды қамтыды
Қала күнінің бағдарламасы Алматының барлық сегіз ауданында ұйымдастырылды. Әр ауданда мәдени, спорттық, шығармашылық және отбасылық іс-шаралар өтті.
Мысалы, Алмалы ауданындағы Сайран көлінің шығыс жағалауында жәрмеңке, сурет көрмесі, қолөнер шеберлерінің алаңы, спорттық және балаларға арналған аймақтар, Food Zone жұмыс істеді.
Концерттік бағдарламаға Жеңіс Ысқа-қова, Құрманғазы атындағы оркестр, Асанәлі Әшімов атындағы театр мен «Шабыт» орталығының өнерпаздары, TAILAQ және Kubinos Band қатысты.
Балаларға арналған бағдарлама
18-20 қыркүйек аралығында ALMA-FEST CIRCUS жобасы өтті. Қазақ мемлекеттік циркі Наурызбай ауданындағы №221 мектеп маңында шапито форматындағы бағдарламасын ұсынды.
Үш күнге созылған іс-шарада балалар мен ата-аналарға арналған цирк қойылымдары көрсетілді.
Қала күні сенбілікпен жалғасты
Қала күніне орай мәдени іс-шаралармен бірге жалпықалалық сенбілік те ұйымдастырылды. Оған 50 мыңнан астам адам қатысты.
«Аюсай» визит орталығы аумағында мыңнан астам тұрғын жиналып, 100 қылқан жапырақты ағаш отырғызды. Оның ішінде 50 қарағай және 50 шырша бар.
Осылайша, биылғы Алматы Қала күні концерттер мен фестивальдерден бөлек, кітап, өнер, спорт, балалар бағдарламасы, көгалдандыру және тазалық іс-шараларын қамтыды.
Екі күндік мерекелік бағдарлама қаланың орталығымен шектелмей, барлық сегіз ауданында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттерге, жәрмеңкелерге, көрмелерге, кітап фестиваліне және басқа да мәдени-спорттық іс-шараларға қатысты.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ