Маңғыстаудағы трагедия: Соңғы 2 әскери қызметкердің денесі табылды

Бүгін, 11:02 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде толқын алып кеткен соңғы 2 әскери қызметкердің денесі табылып, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бүгін сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды», – делінген хабарламада.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан болып, нәтижесінде 17 әскери қызметкерді ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.