«Жап-жас ғұмырлар үзілді»: Димаш Құдайберген қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтты

Бүгін, 08:02 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ақтауда қаза тапқан әскери қызметшілерге қатысты көңіл айту жазбасын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында 18-19 жастағы сарбаздардың қазасына байланысты ауыр қайғысын жеткізді.

«Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын.

Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені...

Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін.

Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын.

Е Алла, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдынан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын...

Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын.

Қош болыңдар, бауырларым», – деп жазды Димаш Құдайберген.