Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп әлеуметтік желідегі парақшасында Integra Construction KZ компаниясы қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден бөлетінін жазды.
"Бүгін Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілеріміз қаза тапты. Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасына көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды және ертеңгі күнді жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ең алдымен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде, сондай-ақ кәсіпкер ретінде осынау қайғыны теңдей бөлісуді парызым деп санаймын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуін қолдай отырып, Integra Construction KZ компаниясынан қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден қаржылай көмек бөлінетінін хабарлаймын. Көмек атаулы түрде, мемлекеттік қолдауға қосымша көрсетіледі.
Ешқандай қаражат ата-анаға баласын қайтармайды, әрине. Бірақ мұндай сәтте бірде-бір отбасы өз қайғысымен жалғыз қалмауы керек. Біздің еліміз қашанда осындай сәтте өзінің бірлігін көрсеткен. Қаза тапқандардың туған-туыстарына және қарулас жолдастарына көңіл айтамын, оларға сабыр мен төзім тілеймін", – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы көлемі 100 миллион теңге материалдық көмек көрсететінін хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту жариялады. Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", – деп жазды Гаджи Гаджиев.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету бастамасына продюсер Алмас Жали да қосылатынын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында болған қайғылы оқиғаны кеш естігенін айтып, марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
"Күні бойы жұмыспен жүріп, Ақтауда болған қайғылы оқиға туралы жаңалықты кеш көрдім. Әскери оқу-жаттығу кезінде еліміздің жас сарбаздары қаза тапты. Марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын.
Бұл қайғылы хабар мені де, жақындарымды да қатты толқытты. Өзімнің екі туған інім, одан бөлек көптеген басқа да кіші бауырларым бар. Сондықтан бұл жігіттердің жақындарына мұндай ауыр қазаны қабылдау қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі мүмкін емес. Президентіміз 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осындай ауыр сәттерде ел болып жұмылып, орны толмас қазаға ұшыраған отбасыларға қолдау көрсету аса маңызды.
Досым Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқан жігіттердің отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуді ұйғарды. Мен де осы игі іске қосылып, әр отбасыға қаржылай қолдау білдіргім келеді. Әрине, бұл олардың қайғысын мүлдем жеңілдете алмайды. Бірақ дәл осындай сәтте қолдан келгенше жанынан табылу – біздің ең аз дегенде жасай алатын ісіміз. Қиын күнде халықтың күші – бірлікте. Осындай ауыр сәтте ел болып бірігіп, бір-бірімізге тірек болайық", – деп жазды Алмас Жали.
Соңғы мәлімет бойынша, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.