Каспийдегі 9 әскери қызметкердің қазасы: Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Бүгін, 14:19 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 19 әскери қызметкерді теңіз алып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тауып, үшеуі құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметкерін алып кеткен. Қазір оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі.

Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай беріледі.

Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз», – делінген ақпаратта.