Ирландиядағы Мейнут университетінің ғалымдары электр қуатын үздіксіз қажет етпей жұмыс істейтін ДНҚ-компьютер жасап шығарды. Жүйе химиялық реакциялар арқылы есептеулер жүргізіп, нәтижені молекулалардың қалыптасқан құрылымы арқылы анықтайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілер дәстүрлі компьютерлердегі транзисторлардың орнына ДНҚ молекулаларын қолданған. Арнайы әзірленген жүйеде ДНҚ жіпшелері тұзды жылы ерітіндідегі нуклеин қышқылының «қаңқасымен» әрекеттеседі. Ерітінді салқындаған кезде молекулалар ең төмен энергетикалық күйге келіп, белгілі бір құрылым түзеді. Сол құрылым есептің жауабы ретінде қабылданады.
«Молекулалар өзара әрекеттесіп, құрылым түзеді, ал сол құрылымның өзі – жауап», – дейді зерттеудің аға авторы, компьютер ғалымы Дэмиен Вудс.
Жаңа жүйе қосу, көбейту және бөлу сияқты математикалық операцияларды орындай алады. Сынақ барысында ғалымдар 100 битке дейінгі көлемдегі бірнеше есепті іске қосқан. Мысалы, 3 пен 10-ды қосу шамамен 30 секунд уақыт алған.
ДНҚ-компьютердің басты ерекшелігі – есептеулерді параллель түрде жүргізе алуы. Яғни бір тамшы ерітіндінің ішінде өте көп молекула бір уақытта әртүрлі есептеулерге қатыса алады. Бұл технология қазіргі кремний негізіндегі компьютерлерге қарағанда әлдеқайда баяу болғанымен, энергияны үздіксіз тұтынуды қажет етпейді.
Зерттеу Nature журналында жарияланды. Ғалымдар мұндай технология болашақта энергия шығыны аз есептеу жүйелері мен ДНҚ арқылы ақпарат сақтау саласында қолданылуы мүмкін деп санайды.