“Президентпен түскен сурет”: Түркияда ер адам ЖИ-мен жасаған суреттері үшін ұсталды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Түркияның Анкара қаласында Мехмет Чакмак есімді ер адам президент Режеп Тайип Ердоған және Әділет министрі Акин Гюрлекпен бірге түскен жасанды интеллект арқылы жасалған фотоларды әлеуметтік желіде жариялағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz Cumhuriyet басылымына сілтеме жасап.

Анкара прокуратурасының мәліметінше, күдікті WhatsApp-тағы статусында аталған мемлекеттік қызметкерлермен бірге түскен суреттерін жариялаған. Тергеу бұл фотолардың жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін анықтаған.

Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, Чакмак бұл жарияланымдар арқылы мемлекеттік қызметкерлермен байланысы бар әрі олардың арасында беделге ие адам деген әсер қалыптастыруға тырысқан.

23 қыркүйекте ол Анкараның Кечиөрен ауданындағы үйінде ұсталды. Оған «ықпал саудасы» және қоғам арасында алаңдаушылық, қорқыныш немесе дүрбелең туғызу мақсатында шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты жария тарату» баптары бойынша іс қозғалды.

Тэгтер:

ЖИ жалған сурет