Әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек – Президент Халық Кеңесінің мүшелеріне үндеу жолдады

Бүгін, 12:45 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Халық Кеңесінің мүшелеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады.  Қоғамдық сенімді күшейтудің, яғни ұлттық бірегейлікті нығайтудың бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан, әр мәселеге тыңғылықты дайындықпен кірісу қажет. Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған.

Бірақ, басты талап: кез келген сын шынайы болуға тиіс. Мәселені көтере отырып, оның шешімін де қатар ұсыну қажет. Кеңестің әр мүшесі қарапайым этика нормаларын қатаң ұстануы керек. Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс», – дейді Мемлекет басшысы.