Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, тарихи жадымызды жаңғыртуда көп жұмыс атқарылып жатыр – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 12:38 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударылып жатқанын баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Тағы бір маңызды міндет – ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым. Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз.  

Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды.  

Сәулет өнерінің осынау жауһарлары – Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды», – дейді Мемлекет басшысы.