Мемлекет басшысы: Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару – Халық Кеңесінің міндеті

Бүгін, 12:31 / Інжу Әлихан
БҚО әкімдгі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында өскелең ұрпақтың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуі үшін ауылдар мен шағын қалаларда қоғамдық инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек. Бұл да – Халық Кеңесінің міндеті.

Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс.

Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн.

Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды.

Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс.

Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын.

Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек.

Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.

Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз.

Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады», – деді Президент.