Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан жасақталуын трансформацияның жаңа кезеңі деп атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру – елді жаңғыртудың бір жолы. Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды. Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді. Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет.
Көп жұмыс атқарылды. Мұны мойындау керек. «Үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды. Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал», – дейді Мемлекет басшысы.
Президент Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс екенін баса айтты.
«Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады. Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет.
Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс. Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі», – дейді Мемлекет басшысы.