Тоқаев: қоғамдық бақылауды жүзеге асыру – Қазақстан Халық Кеңесі қызметінің негізгі бағытының бірі

Бүгін, 12:08 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай жүйесі мен нақты тәртібі әзірленбегенін айтып, бұл бағытты жүйелеп, құрылыс пен жол сапасын бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл – Кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі. Дегенмен қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген

Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн. 

Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.

Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр.

Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер.

Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды.

Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады.Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін.

Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек.

Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.