«Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді – Тоқаев

Бүгін, 11:27 / Інжу Әлихан

Жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім.

Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым.

«Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық.

Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық.

Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды.

Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті.

Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты.

Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді.

Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады.

Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.