Шымкент әуежайында мас күйде багажының ішінде жарылғыш зат бар екенін айтқан жолаушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға Шымкент – Астана бағытындағы рейске тіркелу кезінде болған. Алкогольдік масаң күйдегі ер адам өз багажының ішінде "жарылғыш құрылғы" бар екенін мәлімдеген.
Осыдан кейін әуе компаниясының қызметкерлері жолаушыны рейстен шығарып, көліктегі полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Тексеру барысында ер адамның сөзі расталмады. Багаждан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Әуежайда эвакуация жүргізілмеген.
Іс қорытындысы бойынша жолаушы қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды.
"Көліктегі полиция департаменті әуежайларда және көлік инфрақұрылымы нысандарында жарылғыш құрылғылар немесе өзге де қауіп-қатерлер туралы әзіл айтуға болмайтынын ескертеді. Адам қандай да бір зиян келтіруді көздемей, мұндай мәлімдемені "әзіл ретінде" айтқан күннің өзінде, қауіпсіздікке қатысты кез келген ақпарат белгіленген тәртіппен тексеріледі және заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Полиция әуежайлар мен көлік нысандарында қауіпсіздікке қатысты мұндай мәлімдемелер әзіл ретінде қабылданбайтынын ескертті.