Қазақстанның әйелдер теннис құрамасы Билли Джин Кинг кубогындағы өнерін ширек финалда аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлемнің үздік сегіз құрамасының қатарына енген Қазақстан командасы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан финалдық кезеңде Испаниямен кездесті.
Қарсылас командалар арасындағы тартыс үш матчқа созылды. Алғашқы жекелей сында Соня Жиенбаева испаниялық Джессика Бузас Манейродан 2:6, 2:6 есебімен жеңілді.
Келесі кездесуде Юлия Путинцева Кристина Букшаны үш сетте жеңіп, жалпы есепті теңестірді. Матч 6:2, 3:6, 6:1 есебімен аяқталды.
Жартылай финалға жолдама тағдыры жұптық кездесуде шешілді. Анна Данилина мен Жібек Құламбаева Кристина Букша мен Сара Соррибес-Тормо жұбына 2:6, 5:7 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Испаниядан 1:2 есебімен жеңіліп, турнирдегі жарыс жолын тоқтатты.
Испания жартылай финалда Чехия құрамасымен кездеседі. Ал басқа ширек финалдық жұптарда Украина – Бельгия, Италия – Қытай құрамалары сынға түседі.